7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын!Farabi University

7 Мамыр – Отан қорғаушылар күні құтты болсын!

7 мамыр, 2025

Құрметті Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы, білім алушы жастар, Әскери кафедра офицерлері  мен курсанттары!

Сіздерді Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын!

Еліміздегі ынтымақ пен бірлікті, бейбітшілік пен тыныштықты сақтап, қастерлі құндылықтарды орнықтыра түсу үшін бұл мерекенің маңызы зор.

Мемлекет басшысы – Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бүкілармиялық кеңес отырысында: «Әскери білім және ғылым жүйесін дамыту – аса маңызды міндет. Әскери академиялар, институттар әлемдік стандарттарға сай болуға тиіс. Осы саладағы жоғары оқу орындарының материалдық базасы мен оқу бағдарламасын заман талабына сай бейімдеу қажет», – деп атап өтті.

Айбынды әскеріміз – егемендігіміздің кепілі, мемлекеттілігіміздің тірегі.

1934 жылы университетпен бірге негізі қаланған ҚазҰУ-дың Әскери кафедрасы бүгінге дейін 50 мыңнан астам запастағы офицерлерді даярлады.

Бүгінде Әскери кафедрада ұлдармен қатар, қыздар да 20 әскери-есептік мамандық бойынша әскери дайындық курстарынан өтуде.

Әскери кафедра түлектері алдағы уақытта да Отан алдындағы борыштарын абыроймен атқаратынына сенімдімін.

Мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейтуге, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға, заң үстемдігі мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге әрқайсымыз елеулі үлес қосуға тиіспіз.

Біздің мақсатымыз – жастардың патриоттық рухын шыңдап, әділетті, адал азамат болып қалыптасуына  жол ашу.

Отанды қорғау – әр азаматтың перзенттік парызы, ел алдындағы үлкен жауапкершілік.

Бейбіт еліміздің тыныштығы баянды болсын.

Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!

Құрметпен,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

Басқарма Төрағасы – Ректор  

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ