
Құрметті ардагерлер, әріптестер және студенттер!
Сіздерді Ұлы Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын!
9 Мамыр – ел тарихында ерекше орны бар, әрбір қазақстандық үшін ұмытылмас күн.
Елдік рух пен қаһармандықтың символына айналған бұл күн – майданда және тылда ерлік көрсеткен аталарымыз бен әжелеріміздің, әкелеріміз бен аналарымыздың рухына тағзым ететін күн.
Азаттықты қорғаған, ұрпаққа болашақ сыйлаған аға буынның қайталанбас ерлігі мен еңбегін дәріптеу – баршамыздың парызымыз.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Біз Жеңіс күнінде бейбіт өмірдің қадірін ұғынып, достық пен тыныштықтың маңыздылығын терең түсінеміз. Осы мызғымас құндылықтар әрдайым халқымыздың әл-ауқатын арттырудың және Қазақстанды тұрақты дамытудың берік негізі болып қала береді. Мен бұған кәміл сенемін», – деп атап өтті.
Соғыс жылдары университетіміздің оқытушы-профессорлары мен білім алушы жастары Ұлы Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосты.
Университеттен 287 қызметкер мен студент майданға аттанып, көпшілігі ерлікпен қаза тапты. Олардың қатарында Кеңес Одағының Батыры атағын алған ҚазҰУ студенті Попов Александр Григорьевич пен Әскери кафедра меңгерушісі, 1941 жылы студенттер арасынан атқыштар бригадасын құрған, «Қызыл Ту» орденінің иегері Полевик Василий Алексеевич сынды қаhармандар бар.
Университет ардагерлерінің ерлігін дәріптейтін бірегей материалдар мен экспонаттар бүгінде ҚазҰУ мұражайында сақтаулы.
Қазіргі кезеңде білім ордасының Әскери кафедрасы оқу-жаттығуды ұйымдастыру сапасы мен заманауи жабдықталуы жағынан республикадағы жетекші кафедралардың бірі. Офицерлер үшін 20 және запастағы сержанттар үшін 6 мамандық бойынша оқыту жүргізіледі.
Университет тарихи мұра мен қаһармандық рухты насихаттап, сақтауға бағытталған жаңа білім беру бағдарламаларын іске асыруда. Оқу барысында студенттердің әскери-патриоттық тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бағытта оқытушылар мен студенттер Екінші дүниежүзілік соғыс тарихына арналған ғылыми-білім беру жобаларына белсенді қатысып келеді.
Біз білім мен ғылымды дамытумен қатар, мәдениеттер арасын жақындастыруға, еларалық ынтымақтастықты дамытуға, бейбітшілікті нығайтып, тарихи сананы жаңғыртуға және патриотизмді күшейтуге бағытталған игі істерімізді жалғастыра береміз.
Сіздерге мықты денсаулық, әр шаңыраққа жақсылық пен қуаныш, еңбектеріңізге табыс тілеймін.
Ел іргесі бүтін болсын!
Құрметпен,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ
Басқа жаңалықтар


