Қазақ-үнді байланысының алтын көпірі

ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті шығыс елдерімен ғылым, білім және мәдени байланыстардың үздіксіз дамуына өзіндік үлесін қосып келеді. Таяуда Астанадағы Свами Вивекананда үнді мәдени орталығының (SVCC) директоры Санджай Веди мырза Қазақстандағы дипломатиялық қызметінің аяқталуына орай, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісімен марапатталды.
Санджай Веди Свами Вивекананда мәдени орталығының басшысы ретінде университетіміздің үндітану бөлімінің ғылыми және мәдени шараларында қазақстандық үндітанушыларды үнемі қолдай отырып, білім беру саласындағы халықаралық байланыстарды кеңейтуге мол ықпал жасады. Соның бірі – шығыстану факультетінде ашылған М.Ганди орталығының жабдықталуына 8 735 000 теңге көлемінде қаржылық қолдау көрсетті. Сонымен қатар үндітану бөлімінің студенттерін қажетті оқу құралдарымен қамтамасыз етіп қана қоймай, оларды ынталандыру мақсатында түрлі қаржылай стипендиялар табыстады.
Санджай Веди мырза 2022 жылы Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы үндітану бөлімінің профессорын ICCR бағдарламасы аясында Үндістан Республикасының мұрағаттарында ғылыми зерттеулер жүргізу үшін іссапар ұйымдастырып, қаржыландырды. 2023 жылы 14-17 ақпан аралығында Фиджиде өткен Дүниежүзілік хинди конференциясына кафедраның хинди тілі оқытушылары Д.Көкеева, Д.Таирова, М.Пернеқұлованың іссапар шығындарын қаржыландырып, академиялық кеңістікті арттырды.
2023 жылы мамыр айында ICCR «Хинди Вишва Ятра (Үндістанға сапар)» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған іс-шараға үндітану бөлімінің үш студентін жіберіп, қаржыландырды. Сондай-ақ Үндістандағы Вардха қаласында орналасқан Махатма Ганди атындағы Халықаралық хинди университетіне, Агра және Дели қалаларындағы Хинди тілі институтына үндітану бөлімінің үш оқытушысының сапарын ұйымдастыруға белсенді түрде атсалысып, мәдени алмасу мен білім беру саласында ынтымақтастықты арттыруға өз үлесін қосты.
Ол сондай-ақ 2024 жылдың 13-14 наурызында Қазақстанда алғаш рет хинди тілінде ұйымдастырылған «Еуразия мен Үндістандағы үндітану саласының бүгіні мен келешегі» тақырыбындағы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясының өтуіне үлкен қаржылай қолдау көрсетіп, бұл іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне ықпал етті. Аталған ғылыми-тәжірибелік конференцияға Үндістан, Ресей, Беларусь, Өзбекстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Армения сынды елдерден 45 қатысушының іссапары Санджай Веди мырзаның атсалысуымен Үндістан үкіметі Ғылым және білім министрлігі тарапынан толықтай қолдау жасалынды.
Қазақстандағы Үндістан Республикасы елшілігі жанындағы Свами Вивекананда мәдени орталығының директоры қызметін атқарған Санджай Веди мырза үнемі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың үндітану бөлімінің ғылыми жобаларын қолдап, хинди тілін оқыту және зерттеу жұмыстарын дамыту үшін жаңа идеялар мен бастамаларды іске асырды. Санджай Веди мырзаның басшылығымен Қазақстан мен Үндістан арасындағы екіжақты ынтымақтастықты нығайту бағытында маңызды жұмыстар атқарылды.
Шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы үндітану бөлімі ұжымының атынан С.Веди мырзаға дипломатиялық қызмет жолында абыройы арта беруіне тілектестік білдіреміз.
Бота БОКУЛЕВА,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті м.а.
Басқа жаңалықтар


