ҚазҰУ-да GISCA 2025 халықаралық конференциясы өттіFarabi University

ҚазҰУ-да GISCA 2025 халықаралық конференциясы өтті

2 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Барлығын біріктіретін цифрлық Жер» тақырыбындағы «Орталық Азиядағы ГАЖ – GISCA 2025» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Іс-шарада Австрия, Германия, АҚШ, Қытай және Орталық Азия елдері – Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан мен Қазақстаннан 130-дан астам ғалым мен сарапшы бас қосты. Конференцияға сондай-ақ ESRI, Eurasia-Pacific UNINET, Trimble және ACA*GIScience сынды әлемге танымал ұйымдардың өкілдері де қатысты.

Еуразия-Тынық мұхиты университеттер желісінің (UNINET, EPU) серіктес жоғары оқу орындарының жыл сайынғы отырысын ашқан Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев аталған конференция геоақпараттық технологиялар мен тұрақты даму саласындағы жетекші ғылыми алаңдардың бірі ғана емес, сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықтың, ғылыми интеграцияның және цифрлық трансформацияның жарқын үлгісі екенін атап өтті. Осы орайда, ол GISCA конференциясын тұрақты түрде қолдап келе жатқан Eurasia-Pacific UNINET (EPU), Австрия-Орталық Азия ғылыми орталығы – ACA*GIScience және Зальцбург университетіне ерекше алғыс білдірді.

GISCA 2025 конференциясының XIX шығарылымының басты мақсаты мен міндеттері – геоақпараттық жүйелер (ГАЖ) және кеңістіктік талдау салаларындағы заманауи жетістіктер мен сын-қатерлерді талқылау, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайту, сондай-ақ Орталық Азия елдерінің университеттерінде тұрақты даму мен цифрлық трансформация идеяларын ілгерілету болды.

Конференцияның негізгі спикерлерінің бірі – Гейдельберг геоақпараттық технологиялар институтының (HeiGIT) профессоры Александр Ципф «OpenStreetMap for Humanitarian Action» тақырыбында баяндама жасады. Esri компаниясының Таяу Шығыс, Африка және Орталық Азия аймақтары бойынша вице-президенті Ричард Баден «The Geographic Approach: Creating Insight and Understanding with GIS» тақырыбы бойынша презентация жасады.

GISCA 2025 шеңберінде 29-31 мамыр аралығында бірқатар маңызды іс-шаралар өтті. Олардың қатарында Еуразия-Тынық мұхиты университеттер желісінің (UNINET) серіктес жоғары оқу орындарының жыл сайынғы кездесуі болды. Қатысушыларға арналған тренингтер мен оқыту сабақтарын Data+ International компаниясының техникалық маркетинг бөлімінің жетекшісі Константин Нагорнюк пен осы бөлімнің кеңесшісі Вячеслав Рагулин «Using ArcGIS Field Maps for Field Soil Sampling» тақырыбында өткізді. ESRI Data+ International – GISCA 2025 халықаралық ғылыми конференциясының басты демеушілері болды. Сонымен қатар Зальцбург университетінің профессоры Манфред Митлбок тренинг өткізді.

GISCA 2025 конференциясы – Кеңістіктік деректер инфрақұрылымы (SDI) және геопорталдар, Су ресурстары, ГАЖ саласындағы инновациялық әдістер, Климат және қоршаған орта, Қашықтықтан зондтау технологияларын қолдану тақырыптары аясында бес секция бойынша жұмыс істеді.

Конференцияда Орталық Азия және Еуропа елдерінің әріптестерімен бірлескен халықаралық жобалар бастамасы көтерілді. Бұл жобалар GISCA шеңберіндегі университетаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Атап айтқанда: трансшекаралық су бассейндерінің экологиялық және су шаруашылығы мәселелерін ГАЖ және спутниктік мониторинг негізінде зерттеу, Геоақпараттық ғылымдар бағыты бойынша PhD-кадрларды даярлаудың бірлескен білім беру бағдарламасын әзірлеу, Орталық Азия елдерінен PhD-докторанттар мен магистранттар үшін Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында ғылыми тағылымдамалар ұйымдастыру, Еуропа және Орталық Азия елдерінің ғылыми-зерттеу орталықтарының қатысуымен «Орталық Азияның цифрлық демографиясы» геопорталын құру жобалары іске қосылды.

ҚазҰУ Еуразия-Тынық мұхиты университеттер желісіне (EPU) мүше болғаннан бері университет ғалымдары бірқатар халықаралық жобаларды сәтті жүзеге асырып келеді. Аталған жобалар аясында «Геокеңістіктік қоршаған ортаны басқару», «Геоинформатика» сияқты жаңа білім беру бағдарламалары ашылып, трансұлттық тренингтер өткізілді. GISCA 2025 осы бастамалардың қисынды жалғасы болды, мұнда академиялық бастамалар, ғылыми көшбасшылық пен адами байланыстар цифрлық әрі орнықты болашақтың негізін қалады.

Спикерлер бүгінгі технологиялар дәуірінде ғылыми диалог жүргізу, тәжірибе алмасу және халықаралық ынтымақтастықты дамыту ғана емес, сонымен қатар цифрлық трансформация, орнықты даму және білім беруді интернационализациялау идеяларын ілгерілету қажеттігін атап өтті. Ғалымдардың бірлескен еңбегі арқасында бүгінгі таңда түрлі елдердің жастары жаһандық академиялық қауымдастыққа ерекше қол жеткізіп отыр.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі