Ректор биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне арналған форумда сөз сөйледіFarabi University

Ректор биоалуантүрлілікті сақтау мәселелеріне арналған форумда сөз сөйледі

5 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев «Орталық Азиядағы биоалуантүрлілікті сақтау мәселелері мен перспективалары» атты халықаралық форумға қатысып, сөз сөйледі.

Оқу ордасының басшысы Жансейіт Түймебаев өз сөзінде климатты және қоршаған ортаны сақтау бағытында ҚазҰУ ғалымдары жүргізіп жатқан зерттеу жұмыстарына тоқталды. Соның ішінде Орталық Азия аймағы бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін баяндады.

«Орталық Азия – сирек кездесетін және құнды тіршілік формалары табиғи белдеулердің қиылысында шоғырланған ерекше аймақ. Қазіргі уақытта аталған аймақта ландшафттардың деградациясы, климаттың өзгеруі сынды табиғи құбылыстар орын алуда. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шетелдік әріптестер бірлесе отырып, осы сала бойынша ғылыми зертханалар мен орталықтарды іске қосып, жұмыс атқаруда. Мәселен Қытай тарапымен бірге қашықтан зондтау зертханасын аштық. Нәтижесінде университет зерттеушілері Орталық Азиядағы климаттың өзгеруін, су тапшылығы, құрғақшылық, жердің құнарсыздануы секілді экологиялық мәселелерге мониторинг жүргізуде. Бұл орталық Қазақстан, Қытай және Орталық Азия үшін жоғары деңгейдегі халықаралық ресурстық және экологиялық платформа құруға мүмкіндік берді. Бұған қосымша Тұрақты даму мақсаттарын іске асыратын 10 ғылыми зертхана ашылды», – деді ректор.

Баяндама соңында ЖОО басшысы қоршаған ортаны және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында ғалымдар күш біріктіріп, ауқымды бастамаларды жүзеге асыруы маңызды қадам екенін жеткізді.

«Биоәртүрлілікті сақтау – біздің ортақ жауапкершілігіміз. Тек күш біріктіру арқылы біз аймақтың табиғи байлығын сақтап, оны болашақ ұрпаққа бере аламыз. Сондықтан жүйелі ғылыми тәсілді енгізіп, технологиялық дайындықты және тұрақты білім беру саясатын дұрыс қолдануымыз қажет», – деді Жансейіт Түймебаев.

Форум жұмысында Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев пен ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құрмалаев сөз сөйледі. Ақылбек Күрішбаев Орталық Азиядағы биологиялық әртүрлілікті сақтау бойынша Академияның ұстанымын айтып, онымен байланысты тәуекелдерді басқаруға бағытталған ғылыми негізделген нақты шараларды ұсынды.

Іс-шараға БҰҰДБ, ЮНЕСКО, ФАО және басқа да халықаралық ұйымдардың өкілдері мен сарапшылары, Ресей, Германия, Қырғызстан, Тәжікстан, Әзербайжан және басқа елдердің жетекші шетелдік ғалымдары, сондай-ақ жоғары оқу орындарының, ғылыми-зерттеу институттарының басшылары, жас ғалымдар, Қазақстанның экология және табиғатты қорғау саласындағы мамандары жиналды.

Сарапшылар Қазақстан мен Орталық Азия елдерінің бірегей экожүйелік әлеуетке ие екенін және аймақтың биологиялық әртүрлілігінің экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.

Халықаралық форумның қорытындысы бойынша талқылау барысында ұсынылған негізгі ұсыныстар, бастамалар мен биологиялық әртүрлілік мәселелерін шешу жолдары қамтылатын қарар әзірлеу туралы шешім қабылданды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі