Түлектер 45 жылдан соң ҚазҰУ-да бас қостыFarabi University

Түлектер 45 жылдан соң ҚазҰУ-да бас қосты

9 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде механика-математика факультетін 45 жыл бұрын бітірген түлектердің салтанатты кездесуі өтті.

Бұл айтулы күн 1980 жылы екі жеке факультетті, яғни механика және қолданбалы математика факультеті мен математика факультетін  тамамдаған түлектердің басын қосты. 

Математика факультетінің түлектері оқу ордасының тарихынан сыр шертетін ҚазҰУ мұражайын аралап, суперкомпьютер кластері мен «Farabi Hub» инновациялық орталығының мүмкіндіктерімен танысты.

Механика және қолданбалы математика факультетін бітіргендер кездесуді факультеттің негізін қалаушылардың бірі, көрнекті ғалым, академик Өмірбек Жолдасбековтің  ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан бастады.

Кездесу барысында Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор м.а. Марғұлан Ибраимов құттықтау сөз сөйледі. Проректор құрметті қонақтарға оқу ордасына деген адалдығы үшін алғыс айтып, ұрпақтар сабақтастығының маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ  университеттің қазіргі жетістіктері мен халықаралық байланысы туралы ақпарат берді.

Мерекеге орай, механика және қолданбалы математика факультетінің 1980 жылғы түлектері LED экран мен іргелі факультет туралы тарихи деректі фильмді тарту етті.  

Механика және қолданбалы математика факультетінің түлектері атынан сөз сөйлеген Almaty Management University президенті Асылбек Қожахметов алған білімнің маңыздылығын айтып, барлық түлектерді мерейтоймен құттықтады.

Ал математика факультетінің түлектері атынан Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы ҚР ҰҒА вице-президенті Такир Балықбаев құттықтау сөз сөйлеп, ҚазҰУ-дың іргелі математикалық мектебінің еліміздің ғылыми әлеуетін дамытудағы елеулі рөлін ерекше атап өтті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі