«Орталық Азия – Қытай» саммиті: ҚазҰУ-да бизнес-инкубатор құрылады

«Орталық Азия – Қытай» ІІ саммиті аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Алматы қаласын дамыту орталығы» бірлескен бизнес-инкубатор құру туралы қытайлық TusoHoldings CO. LTD компаниясымен меморандумға қол қойды.
Ортақ бизнес-инкубатор ҚазҰУ-дағы «Farabi Hub» инновациялық өнімдер мен жоғары технологиялық жобалар орталығының базасында іске қосылады.
Мұндағы мақсат – студенттердің стартап жобаларын, жас ғалымдардың ғылыми әзірлемелері мен бизнес-идеяларын коммерцияландыруға жәрдемдесу.
Кәсіпкерлер мен инвесторларды ғылыми жобаларға қолдау көрсетуге немесе қаржы жағынан көмектесуге тарту. Бұл бастама өз кезегінде жоғары оқу орны, бизнес және өндірісті бір арнаға тоғыстыруға мол мүмкіндік туғызады.
Бизнес-инкубаторды құруды барлық тарап бірлесіп іске асырады. Оқу ордасы бизнес-инкубатордың орналасуына арнайы алаң ұсынса, қытайлық компания нақты операциялық қызметтер көрсетуге жауапты болады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі