ҚазҰУ-да қолданбалы технологияны дамытуға бағытталған шеберхана құрыладыFarabi University

ҚазҰУ-да қолданбалы технологияны дамытуға бағытталған шеберхана құрылады

17 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Jiangsu Huibo Robotics Technology Co. компаниясымен Huibo цифрлық және зияткерлік шеберханасын құру туралы меморандумға қол қойды.

Екіжақты келісімге «Орталық Азия – Қытай» II семмиті аясында өткен Іскерлік кеңесінің екінші отырысында қол жеткізілді.

Шеберхана Қытай мен Қазақстан арасындағы қолданбалы технологиялар, кәсіптік білім беру және ғылыми-техникалық әріптестік саласындағы ынтымақтастықты нығайту шеңберінде, сондай-ақ «Бір белдеу – бір жол» халықаралық бастамасын іске асыру мақсатында құрылады.

Бұл – білім алушылардың, оқытушылар мен ғалымдардың қолданбалы және цифрлық құзыреттіліктерін дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық білім беру жобасы.

Бұған қосымша инженерлік білім беруді дамытуға, өнеркәсіп секторы үшін білікті мамандар даярлауға, білім алушы жастардың бәсекеге қабілеттілігі мен оқытушылардың біліктілігін арттыруға  септігін тигізеді.

Мұнда  робототехника, зияткерлік өндіріс, цифрлық технологиялар және басқа да сабақтас пәндер бағытындағы оқу курстары өткізіледі.

Сонымен қатар онлайн және офлайн дәрістер, семинарлар, шеберлік сағаттары ұйымдастырылады.

Тараптар ғылыми әріптестікті нығайту аясында ортақ инновациялық жобаларды жүзеге асырып, студенттік стартап жобаларға қолдау көрсетеді.

Айта кетейік, Huibo цифрлық және зияткерлік шеберханасы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында іске қосылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі