ҚазҰУ-да білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша семинар өтудеFarabi University

ҚазҰУ-да білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша семинар өтуде

18 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктер атласы негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеу» тақырыбында семинар басталды. Шараға ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлар құрамы, білім беру бағдарламаларының құрастырушылары мен үйлестірушілері қатысуда.

Жоба трансформация кезеңіндегі білім берудің жаңа бағыттары, болашақтың мамандықтары және құзыреттіліктеріне бағдарланған. Шараның мақсаты – қазіргі заманғы сын-қатерлерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын қалыптастыруға практикалық тәсілдер ұсыну.

Семинар барысында «Мамандығым – болашағым» жобасының жетекшісі Олжас Сәкенов, білім беру бағдарламаларын әзірлеуші және сарапшы Марина Скиба және өзге де сарапшылар сөз алып,  оқу жоспарларын әзірлеу және жаңарту жайын баяндады.

Сондай-ақ қатысушылар жаңа мамандықтар мен құзыреттіліктер атласының негізінде жатқан құралдар мен әдістемелерге қанықты. Бұл білім беру траекторияларын болашақ еңбек нарығының талаптарына бейімдеуге көмектеседі. Сонымен қатар инновациялық білім беру бағдарламаларын енгізуге ерекше назар аударылды, олар динамикалық түрде өзгеріп жатқан кәсіби стандарттарға сәйкес цифрлық, экологиялық және аралас дағдыларды дамытуға бағытталған. Бұл университетке жаңа экономика мен тұрақты даму үшін кадрлық әлеуетті қалыптастыруда жетекші рөл атқаруға мүмкіндік береді.

Семинар білім беру контентін қалыптастыруға бірегей тәсілдерді талқылау, тәжірибе алмасу және болашақ индустрияларының трендтерін ескере отырып, мәселелерді шешуге арналған маңызды алаңға айналады деп күтілуде.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі