Шекарасыз ғылым: ҚазҰУ мен Қытай серіктестігінің жаңа кезеңіFarabi University

Шекарасыз ғылым: ҚазҰУ мен Қытай серіктестігінің жаңа кезеңі

19 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Айқын" газетінде жарық көрген  мақаласы

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен елімізге келген Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары екіжақты қатынастарды нығайту жолындағы маңызды қадам болды. Астана қаласында өткен «Орталық Азия – Қытай» екінші саммиті экономика, ғылым, мәдениет және басқа да маңызды салалардағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтерді.

Қытай мен аймақтағы елдер арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі мәселелер жан-жақты талқыланды. Айта кетейік, бұл форматтағы тарихи бірінші саммит 2023 жылғы 18-19 мамырда Қытайдың Сиань қаласында өткен болатын. Саммит барысында Қытай мен Орталық Азия елдерінің көшбасшылары алғаш рет бірлескен бетпе-бет кездесу өткізді. Саммит қорытындысы бойынша жан-жақты әріптестік пен серіктестіктікті тереңдетуге бағытталған «Сиань декларациясы» қабылданған еді.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай Төрағасы Си Цзиньпин­­мен Ақордада кездесуінде: «Қытай Ха­лық Республикасы – Қазақстанның тату көршісі, жақын досы және сенімді серіктесі. Сан қырлы қазақ-қытай ықпалдастығы Сіздің жеке қолдауыңызбен мәңгі әрі жан-жақты стратегиялық әріптeстік рухында және бұрын-соңды болмаған қарқынмен дамып келе жатыр. Мұны ерекше ықыласпен атап өткім келеді», – деді.

Өз кезегінде ҚХР Төрағасы Си Цзинь­пин: «Қытай мен Қазақстанның қарым-қатынасы құбылмалы әлемнің сынына төтеп беріп, қарқынды дамып келеді. Бұл – тек географиялық тұрғыдан жақындықтың, ғасырларға ұласқан дос­тықтың арқасы ғана емес, елдеріміз­дің өркендеу жолындағы табиғи сұраны­сы», – дей келе, Қытай мен Қазақ­стан арасындағы ықпалдастық жаңа мазмұн­да толығып келе жатқанына басымдық берді.

Екі ел мемлекет басшылары ара­сындағы осы ыстық ықыласқа толы және сенімді қарым-қатынастар өзара әрекеттестіктің берік негізіне айналып отыр.

Саммит нәтижесінде Мемлекет бас­шысы Қытай тарапы көтерген Орта­лық Азиямен көпжақты ынтымақтас­тықты дамыту мақсатындағы атаулы жылдар идеясын қолдайтынын жеткізді. 2026 жылды «Білім беру және ғылыми зерттеулер жылы» деп жариялады.

Осы ретте «Орталық Азия – Қытай» II саммиті аясында әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Қытайдың белгілі компания­ла­рымен және Сиань Солтүстік-батыс политехникалық университетімен ын­тымақтастық туралы үш келісімге қол қойғанына тоқтала кеткім келеді. 

Қазақстан Республикасы Президен­тінің 2023 жылғы 1 қыркүйектегі жеке инновациялық бастамаларды қолдауға бағытталған жолдауын іске асыру шең­берінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытайдың TusHoldings корпора­циясы арасында ынтымақтастық тура­лы меморандумға қол қойылды. 

Келісімге сәйкес, университет ба­засында стартаптарды дамытуға бағыт­талған бірлескен бизнес-инкубатор құ­рылатын болады. Бұл инкубатор DeepTech, цифрлық және «жасыл» тех­нологиялар, биомедицина және жасанды интеллект салаларында жұмыс істейтін стартаптарды қолдауға бағытталған.

Екінші келісім – Huibo цифрлық интеллектуалдық шеберханасы. За­манауи оқу және ғылыми платформасы заманауи жабдықтармен, оның ішінде өндірістік роботтар және машиналық көру жүйелерімен қамтамасыз етіледі. Жоба инновациялық шешімдерді білім беру үдерісіне интеграциялауға және оқу процесін тәжірибеге негізделген тәсіл арқылы күшейтуге бағытталған.

Үшінші келісім – Қытай Халық Республикасының Хайнань спутниктік деректерді зерттеу және пайдалану ор­талығы, Солтүстік-батыс политех­ника­лық университеті (ҚХР) және әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ арасында жерүс­ті спутниктік станцияны орнату бойын­ша жасалды.

Бұл құжат тараптар арасындағы мықты серіктестікті әрі қарай тереңдетуге, сондай-ақ жерүсті спутниктік стансаны орнату мен бірлесіп дамытуға бағытталған. Жоба спутниктік деректерді ғылыми мақсаттарда қолдануға, атап айтқанда экологиялық мониторинг, табиғи ре­сурстарды басқару, ауыл шаруашылығы және ақылды инфрақұрылым салала­рында тиімді пайдалануды қамтамасыз етуге арналған. 

Бұл бастамалар ғарыштық зерттеу­­лер саласындағы халықаралық ынты­мақ­тастық пен технологиялық алма­суды кеңейтуге жол ашады. Сондай-ақ университет үшін үлкен жетістік саналып, ынтымақтастықтың дамуына тың серпін әкеледі. 

ҚазҰУ мен ҚХР арасындағы ынтымақтастық

Қазір оқу орнымыз Қытай Халық Республикасының 65 университетімен серіктестік байланыс орнатқан. ҚазҰУ-да білім алып жатқан қытайлық сту­денттердің жалпы саны 1 440 адамды құрайды. 

Алдыңғы қатарлы бірнеше жобаға басымдық берілген. Соның ішінде Солтүстік-батыс политехникалық уни­верситетімен филиал қызметін кеңейту және академиялық өзара әрекеттестікті нығайту бойынша жұмыстар бар. Микроспутниктер саласындағы ғылы­ми зерттеулер бойынша меморандумға да қол қойылды. ҚазҰУ жанындағы Солтүстік-батыс политехникалық университетінің филиалы базасында 5G/5.5G технологиялары орталығы құрылды.

Ланьчжоу университетімен қос дип­лом бағдарламалары жүзеге асыры­лып жатыр. Пекин тіл және мәдениет уни­верситеті, Шанхай саясат және құқық университеті, Гонконг политехникалық университетімен академиялық ұтқырлық және оқытушылар мен студенттер алмасу дамып келеді. Пекин қаласындағы Қытай мұнай университетімен (Пекин) «Бір белдеу – бір жол» бастамасы аясында Қытай – Қазақстан институты мен Энергетиканы дамыту қауымдастығын құру жобасы келісілді. Бұл жобалар Қазақстан мен Қытай арасындағы ғылыми-білім беру диалогін нығайтуға, сондай-ақ бірлескен даму жоспарларын кеңейтуге ықпал етеді.

2024 жылғы 26 қаңтарда ҚазҰУ Қытай Халық Республикасының аумағында алғаш рет ғылыми-инновациялық көрме өткізді. Іс-шараға 196 ректор және 600-ден астам жоғары оқу орнының өкілдері қатысты.

ҚазҰУ-да Дәрілік өсімдіктерді ғылыми-зерттеу орталығы жұмыс істей­ді. Орталық Қазақстанда өсетін өсім­дік шикізаты негізінде биологиялық бел­сенді қоспалар мен фитопрепарат­тарды әзірлеу және өндірумен ай­на­лы­сады. Ха­лық­аралық ынтымақтас­тық аясында орталық базасында Қазақ­стан – Қытай бірлескен дәрі­лік зат­­тар зертханасы, Қазақстан – Қы­т­ай бір­лес­кен табиғи ветеринарлық пре­па­раттар ғылыми-зерттеу орталығы ашылды.

2024 жылғы 20 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университе­тін­де Қытай және Германия серіктестерімен бірлесіп Халықаралық қолданбалы микробиология зертханасы өз қызметін бастады. Зертхана биология, агроөнер­кәсіп және экология салаларында зерт­теулер жүргізумен айналысады. 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Сиань Цзяотун университетімен академия­лық және ғылыми бағыттарда тұрақты түр­де ынтымақтастық орнатуға да ай­­рықша мән беріп келеді. 2024 жылдың мамы­рында студенттерді, магистрант­тар мен докторанттарды қамтитын ака­демия­лық алмасу туралы келісімге қол қойылды.

Былтыр Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті аясында Астанада ШЫҰ қатысушы мемлекеттер уни­верситеттерінің халықаралық сим­­позиумын өткіздік. Екі жоғары оқу орны бірлесіп әзірлеген «ШЫҰ мемлекеттерінің жоғары білім са­ласындағы халықаралық ын­ты­мақ­тас­тығы» атты кітабы жарық көрді. Сам­миттен кейін университетімізге Сиань Цзяотун университетінің пре­зиденті Чжан Лицюнь бастаған делегация келді. Профессор Чжан Лицюнь әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студенттері мен оқытушыларына көшбасшылық дәріс оқыды. Біз әрі қарай да Цзяотун уни­верситетімен серіктестікті дамытуға ниеттіміз. Университеттердің бірлескен бастамалары «Бір белдеу – бір жол» жаһандық бағдарламалары мен ШЫҰ қызметі аясында, соның ішінде жасанды интеллект, машина жасау, энергетика және гуманитарлық ғылымдар саласында кеңейіп келеді. 

ҚазҰУ мен Орталық Азия университеттерінің байланысы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Орталық Азия елдерімен де халықаралық ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Қазір көшбасшы университеттің Орталық Азия елдерінің жоғары оқу орындары­мен 55 келісімі бар. Әзербайжан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан және Өзбекстанда қос диплом беру бағдарламалары іске асырылып жатыр. 

ҚазҰУ-да ТҮРКСОЙ кафедрасы мен мәдени орталығы жұмыс істейді. Орталық түркі халықтарын жақын­дас­тырып, мәдени-гуманитарлық және ғы­лыми-техникалық интеграцияны те­рең­детуге ықпал етеді. 

Халықаралық ынтымақтастық ая­сында университетте шетелдік про­фес­сорлардың дәрістері тұрақты ұйым­дас­тырылады. Үндістан, Жапония, Өзбекстан және Тәжікстаннан келген ғалымдар Орталық Азия елдерінің тарихы, мә­дениеті және қазіргі даму мәселелеріне арналған зерттеулерінің нәтижелерін ұсынды. Дәрістер студенттер, оқытушылар және зерттеушілер арасында үлкен қызығушылық тудырып, елдер ара­сындағы ғылыми байланыстарды нығайтуға және академиялық диалогты дамытуға септігін тигізді.

2024 жылы ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы ең қуатты суперкомпьютер орнатылды. 2024 жылғы наурызда ҚазҰУ мен Қытай Ғылым академиясының бірлесуімен Қытай – Қазақстан қашықтықтан зондтау зертханасы ашылды. Бұл зертхана Орталық Азияның экологиялық мәселелерін спутниктік талдау арқылы зерттеумен айналысады.

 Жасыл энергетика бойынша жаңа келісім

«Орталық Азия – Қытай» II саммиті аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қытай және Ор­талық Азия ғылым академияларының қатысуымен II халықаралық академиктер форумы өтті. Жетекші ғалымдар мен сарапшылардың басын қосқан шараны әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы және Қытай­дың Сиань Цзяотун университеті ұйым­дастырды. Алқалы жиын ғылыми білім алмасу, ынтымақтастықтың мүмкіндіктерін талқылау және бірлескен зерттеу жо­баларын жүзеге асыру мақсатын көздеді. 

II халықаралық академиктер фору­мын­­да ҚР Президенті жанындағы ҚР ҰҒА академиясының президенті Ақыл­бек Күрішбаев, ҚР ғылым және жоғары білім вице-министрі Динара Щеглова, Сиань университетінің вице-президен­ті Би Чжаохун, Қырғыз Республикасы­ның Ұлттық ғылым академиясының президенті Қанатбек Абдрахматов және Тәжікстан Ғылым академиясының ви­це-президенті Саидмукум Ибадов сөз сөйлеп, жасыл энергетика саласындағы өзекті тақырыптарды ортаға салды.

Нәтижесінде, Қазақстан Респуб­ли­касының Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясы, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Қытай Халық Республикасының Сиань Цзяотун университеті, Қырғыз Республикасы Ұлттық ғылым академиясы, Қырғызстан Халықаралық университеті және Өзбекстанның Самарқанд мемлекеттік университеті сияқты жетекші ғылыми-білім беру ұйымдарының өкілдері жасыл энергетика саласындағы ынтымақтастық туралы Алматы хартиясына қол қойды. Бұл құжат халықаралық серіктестікті дамыту мен Орталық Азия аймағы мен одан тыс жерлерде экологиялық таза энергетикалық технологияларды енгізуді үйлестіреді.

Форум жұмысында бірнеше негізгі міндет алға қойылды: жасыл энергетика саласындағы серіктестікті тереңдету, «Жасыл Жібек жолы» тұжырымдамасын тәжірибеде іске асыру, озық технологиялар мен үздік тәжірибелерді бөлісу, сондай-ақ елдер арасындағы тұрақты өндірістік байланыстарды дамыту. Сонымен қатар форум климаттың өзгеруі, шөлейттену, халық санының өсуі және кедейлікпен күрес сияқты қазіргі заманның жаһандық мәселелеріне қарсы күш біріктіруге бағытталды. Бұл түйткілдерді шешу тек ғылым, білім және инновациялар арқылы мүмкін болмақ.

Форум қатысушылары жасыл энер­гетикаға және тұрақты дамуға жедел өтуге ықпал ететін нақты жобалар мен бастамаларды ұсынды. Біз осындай ғылыми басқосулар ынтымақтас­ты­ғымызға жаңа серпін беріп, бүкіл аймаққа оң әсерін тигізетініне сенімдіміз.