ҚазҰУ QS рейтингінде үздік 166 ЖОО қатарында

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Қазақстан мен Орталық Азия жоғары білімінің көшбасшысы мәртебесін тағы бір мәрте дәлелдеп, QS World University Rankings 2025 халықаралық рейтингінде 166-орынды иеленді.
Оқу ордасының халықаралық рейтингтегі соңғы көрсеткіштерін талқылауға арналған дөңгелек үстел отырысы өтті. Жиынға ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев, проректорлар, департамент басшылары және құрылымдық бөлімшелердің өкілдері қатысты.
ҚазҰУ биыл оқытушылар мен студенттер арасындағы байланыс, академиялық бедел мен түлектердің жетекші жұмыс берушілер арасында сұранысқа ие болуы сынды негізгі көрсеткіштер бойынша жоғары нәтиже көрсетті. Халықаралық байланыс саласында да елеулі табыстарға қол жеткізілді. Атап айтқанда университет шетелдік студенттер мен оқытушыларды тарту жұмыстарын жүйелі түрде жалғастырып келеді.
Халықаралық ғылыми ынтымақтастықты белсенді дамыту арқылы ҚазҰУ ғаламдық зерттеу желісіндегі позициясын нығайтуда. Ұйымның басты басымдықтарының бірі – Тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру, бұл экологиялық, әлеуметтік және инновациялық бастамаларға қатысуымен расталады. Сонымен қатар университет индустриямен ынтымақтастықты нығайтты – ірі отандық және шетелдік компаниялардың қатысуымен жаңа білім беру бағдарламалары құрылды. Бұл экономика мен ғылымның қазіргі талаптарына жауап беретін кадрлар даярлауда маңызды қадам болды. ҚазҰУ сандық технологиялар мен инновацияларды дамытуға ерекше көңіл бөледі. Қашықтан оқытудың мүмкіндіктері кеңейіп, халықаралық ұйымдармен серіктестік аясында жаңа ғылыми зертханалар мен орталықтар ашылды.
Университет басшысы Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ әлемдік рейтингтегі позициясын нығайту және халықаралық ғылыми ынтымақтастықты арттыру мақсатында шетелдің көшбасшы жоғары оқу орындарымен серіктестікті жандандыру қажет екенін жеткізді. Сондай-ақ өз сөзінде ректор QS WUR рейтингінің критерийлері бойынша жұмыс жоспарын құрып, алдағы уақытта нақты шараларды жүзеге асыруды тапсырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

