ҚазҰУ-да «Ana tili» газетінің 35 жылдығы өтті

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Ana tili» ұлт газетінің 35 жылдығына және 28 маусым – БАҚ қызметкерлері күніне арналған «Заманауи журналистика: тәжірибе, ғылым, инновация» атты дөңгелек үстел өтті.
Іс-шараға ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жұмыстар жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов, БАҚ басшылары, ғалымдар, профессорлар мен оқытушылар қатысты.
Іс-шара басталмас бұрын, баспасөз туры ұйымдастырылды. Жерді қашықтықтан зондтау орталығының, суперкомпьютер орталығы және Farabi HUB жұмысы таныстырылды.
Сондай-ақ университет жетістіктері туралы бейнеролик көрсетілді. Проректор Марғұлан Ибраимов Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау хатын оқыды. Хатта: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Ana tili» газетіне берген сұхбатында: «Газет-журнал оқу – жас кезімнен қалыптасқан дағды. «Аna tili» газетін тұрақты оқып тұрамын. Мен мәліметті телевидение, интернет, әлеуметтік желі сияқты сан алуан ақпарат көзінен аламын. Бұдан бөлек, күн сайын түрлі мекемеден материалдар келіп түседі. Мен ақпарат кеңістігіндегі үрдістерді жіті қадағалап отырамын. Жазбаша мәтіндердің мән-маңызын төмендетуге болмайды. Мерзімді баспасөз бәрібір мемлекеттік саясаттан хабар беретін маңызды ақпарат көзі болып қала береді», – деген болатын. «Қазіргі заманда мемлекеттің ақпараттық саясаты БАҚ-та көрініс табуы тиіс. ҚазҰУ-да білім бағдарламаларын әзірлеу кезінде білім алушылардың креативті ойлауына және нарықтық қатынастар жағдайында мамандықтың басқару-маркетингтік аспектілерін меңгеруге баса назар аударылады»,– делінген.
Іс-шарада «Қазақ газеттері» ЖШС директорының орынбасары Есей Жеңісұлы, «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Бауыржан Жақып, ҚазҰУ-дың Жасанды интеллект және Big Data кафедрасының меңгерушісі, доцент Мәдина Мансұрова баяндама жасады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

