Өзара тиімді серіктестік бағыттары

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Халықаралық инновациялық университет делегациясы (Өзбекстан) жұмыс сапарымен келді. Кездесуде өзара тиімді серіктестік бағыттары талқыланды.
Қонақтарды Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов қарсы алып, зерттеу университетінің жетістіктері мен мәртебесі жөнінде мәлімет берді. Ол университеттің QS WUR 2026 рейтингінде 166-орын алғанын атап өтіп, Өзбекстанның 20 жоғары оқу орны және институттарымен, оның ішінде Қарақалпақстанның үш ұйымымен ықпалдастықта екенін айтты. Мәселен, ағымдағы жылдың ақпанында ҚазҰУ-да Нөкіс мемлекеттік педагогикалық институтының оқытушылары үшін педагогика, филология және география салалары бойынша біліктілікті арттыру курстары ұйымдастырылды. Сонымен қатар бірінші проректор университет қызметіне қызығушылық танытқаны үшін қонақтарға алғыс білдіріп, ынтымақтастықтың табысты боларына сенім білдірді.
Өз сөзінде ғылыми жұмыстар, инновациялар және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Сардор Нигматжонов Қашқадария облысының әкімшілік орталығы Қарши қаласында орналасқан Халықаралық инновациялық университеті жайлы әңгімеледі. Ол серіктестік қатынастарды дамыту жолдарына тоқталып, Қазақстан мен Орталық Азияның жетекші жоғары оқу орнының Өзбекстанда филиалын ашу мүмкіндігін қарастыруды ұсынды.
Сондай-ақ қос тарап студенттер мен оқытушылардың академиялық алмасуын ұйымдастыру, бірлескен онлайн-курстар мен білім беру платформаларын құру, жас ғалымдар мен студенттерді тарта отырып, бірлескен инновациялық жобаларды және стартап-инициативаларды жүзеге асыру және басқа да бағыттар бойынша пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


