Академик С.Сартаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылдыFarabi University

Академик С.Сартаевтың құрметіне мемориалдық тақта орнатылды

25 маусым, 2025

Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымының докторы, профессор, қазақ заң ғылымының атақты өкілі Сұлтан Сартаев тұрған үйге мемориалдық тақта орнатылды. Алматы қаласындағы «Самал-2» ықшамауданы, 63-үйде академик Сұлтан Сартайұлы 2002-2019 жылдары тұрған. 

Ескерткіш тақтаның ашылу салтанатына мемлекет және қоғам қайраткерлері, қала әкімдігінің өкілдері, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың басшылық құрамы мен оқытушы-профессорлары, ҰҒА академиктері, заңгер-ғалымдар, Сұлтан Сартаевтың әріптестері, шәкірттері мен туған-туыстары жиналды.

Мемориалдық тақтаны орнату жұмысы Сұлтан Сартайұлының қызы Раушан Сартаеваның бастамасымен жүзеге асырылды. ҚазҰУ ұжымы мен Алматы қаласының әкімдігі игі бастаманы іске асыруға қолдау көрсетті.

Жиында ҚР ҰҒА академигі Мұрат Жұрынов,  Алматы қаласы мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, академик Бірлесбек Алияров, заңгерлер, ғалымдар мен шәкірттері сөз сөйлеп, Сұлтан Сартайұлы туралы естеліктерімен бөлісті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі