Құқықтық дамудың өзекті мәселелері талқыландыFarabi University

Құқықтық дамудың өзекті мәселелері талқыланды

26 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, заң ғылымының докторы, профессор Ғайрат Сапарғалиевтің 95 жылдығына арналған «Құқықтық үрдістер, заманауи сын-тегеуріндер мен жаһандық қоғамдық трансформациялар тұрғысынан конституциялық құндылықтарды дамытудың жаңа көкжиектері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Пленарлық отырысты ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашты. Ол конференция Қазақстан мен шетелден келген ғалымдар мен мемлекеттік қызметтегі сарапшыларды біріктіргенін айта келе, Қазақстан Республикасының әділет министрі Ерлан Сәрсенбаев, Мәжіліс депутаты Снежана Имашева және басқа да құрметті қатысушыларға ерекше алғыс білдірді. 

Конференция қатысушыларына Қаржылық мониторинг академиясының ректоры Ерғали Мерзадинов та құттықтау сөзін арнады. Ол академик Ғайрат Сапарғалиевтің еліміздің құқықтық егемендігін қалыптастыруға, соның ішінде тәуелсіз Қазақстан Конституциясын қабылдауға қосқан сүбелі үлесін атап өтті. «Ғайрат Сапарғалиевтің өмірінде заңгерлік кадрларды тәрбиелеу мен даярлау ерекше маңызға ие болды. Олардың қатарында практик мамандар да, ғалымдар да бар, – деді Ерғали Серікбайұлы. – Ол құқықтық мемлекет қалыптастыру жағдайында заңгер өз қызметін адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қорғауға және құқықтық қамтамасыз етуге толық арнауы тиіс деген берік сенімде болды».

Сондай-ақ пленарлық отырыста Пензен мемлекеттік университетінің ректоры, заң ғылымының докторы, профессор Александр Гуляков, Алматы қалалық сотының азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Нариман Бекназаров, мемлекеттік әділет кеңесшісі, генерал-майор Сәуле Айтпаева, ҚазҰУ-дың Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының профессоры Еркеш Нұрпейісов, Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті Халықаралық құқық кафедрасының профессоры, заң ғылымының докторы Эдуард Мұхамеджанов және басқа да сарапшылар баяндама жасады.

Конференция секциялық отырыстармен жалғасты. Онда ғалымдар мен сарапшылар құқықтық дамудың, қазіргі конституциялық және сот құқығының өзекті мәселелерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі