ҚазҰУ мен TIKA ұйымы бірлескен жобаларды жүзеге асырады

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркияның ынтымақтастық және координация агенттігінің (TİKA) өкілі Фуат Эрдогмушпен онлайн кездесу өткізді.
ҚазҰУ басшысы қонақтарға ынтымақтастыққа деген қызығушылығы үшін алғыс білдіріп, Түркия мен Қазақстан арасындағы білім саласындағы өзара әрекеттестік мәдени-гуманитарлық салада маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Бүгінгі таңда еліміздің 11 900-ден астам студенті Түркияда білім алуда, бұл Қазақстанның осы елдің білім беру бағдарламаларындағы белсенді қатысуын көрсетеді.
Сонымен қатар Жансейіт Түймебаев зерттеу университетінде 16 факультет, 8 ғылыми-зерттеу институты және 140 зертхана табысты жұмыс істейтінін жеткізді. 2026 жылы университет QS WUR халықаралық рейтингінде әлемдегі 200 үздік университеттің қатарына кіріп, 166-орынды иеленді. Бұл оқу ордасындағы білім беру мен ғылыми зерттеулердің жоғары деңгейін көрсетеді.
ҚазҰУ бүгінде Түркияның 46 университеті және ұйымдарымен белсенді ынтымақтастық орнатқан. Университет оқытушылары мен студенттері жыл сайын Түркияда тағылымдамадан өтіп, біліктіліктерін арттырады. Қазіргі уақытта ҚазҰУ-да түркиялық 105 студент білім алуда. Сонымен қатар 2022 жылы Ыстамбұлда ҚазҰУ филиалы ашылды. Ол жоғары кәсіби білім беру бағдарламасын жүзеге асырып, ғылым мен білімнің халықаралық деңгейде интеграциялануын жүзеге асыруда. Сондай-ақ ҚазҰУ Эразмус+ бағдарламасына белсенді қатысады, бұл студенттер мен оқытушыларға Түркияның жетекші ЖОО-ларымен тәжірибе және білім алмасуға мүмкіндік береді.
Фуат Эрдогмуш өз кезегінде Түркияның ынтымақтастық және координация агенттігінің (TİKA) қызметі туралы баяндап, Қазақстан университеттері арасында көшбасшы болып отырған Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз қарым-қатынас жасауға мүдделі екенін жеткізді.
Кездесу барысында тараптар ғылым мен білім саласындағы ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылап, пікір алмасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

