ҚазҰУ медиа саласында шетелдік ЖОО-лармен серіктестікті нығайтадыFarabi University

ҚазҰУ медиа саласында шетелдік ЖОО-лармен серіктестікті нығайтады

30 маусым, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Түркі әлемі журналистер федерациясының президенті Мендерес Демирмен кездесті.

Жүздесу барысында тараптар болашақта кино және журналистика сарапшыларының басын қосатын халықаралық симпозиум мен медиа форум өткізу жөнінде пікір алмасты. 

Жансейіт Түймебаев құрметті қонақты қарсы ала отырып,  оқу ордасында журналистерді даярлау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстарға тоқталды. ҚазҰУ базасындағы журналистика факультеті отандық және халықаралық БАҚ өкілдерін даярлауда Қазақстанда көшбасшы. Өз сөзінде ректор медиа саласын дамытуда, сондай-ақ журналистика факультетінің студенттерін тағылымдамадан өткізуде Түркі әлемі журналистер федерациясымен әріптестік байланысты нығайтуға ниетті екенін жеткізді.

Кездесу барысында Мендерес Демир федерация мен ҚазҰУ арасындағы ынтымақтастықты жандандыруға бар күш-жігерін салатынын айтты. Сондай-ақ алдағы уақытта ҚазҰУ-мен бірлесіп өтетін медиа саласының мамандарына арналған симпозиум мен форумның негізгі мақсатына тоқталды.

Келіссөз қорытындысында қос тарап ұсыныс-пікірлер бойынша жүйелі жұмыс істеуге және жұмыс тобын құруға уағдаласты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі