Экономика және бизнес жоғары мектебінде 551 түлек диплом алды

ҚазҰУ-дың Фараби кітапханасында Экономика және бизнес жоғары мектебінің түлектеріне диплом табыстау салтанаты өтті. Шара барысында ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың құттықтау сөзін оқып, түлектерге сәттілік тіледі.
Биыл Экономика және бизнес жоғары мектебі 550 жас маманды даярлап шығарды, оның ішінде 414 бакалавр және 136 магистр. Факультеттің ерекше мақтанышы – үздік дипломға 180 бакалавриат түлегі ие болды.
Проректор Марғұлан Ибраимов «Экономика», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент» мамандықтары бойынша үздік атанған түлектерге қызыл дипломдарды салтанатты түрде табыстады.
Факультет деканы Ғалия Дәулиева түлектер мен профессор-оқытушылар құрамын оқу жылының табысты аяқталуымен құттықтап, барлық жоспарларының жүзеге асуын және жаңа кәсіби жетістіктер тіледі. Сондай-ақ ол бакалавриат түлектеріне дипломдарын табыстады.
Салтанатты шара магистранттарға диплом табыстау рәсімімен жалғасты. Экономика және бизнес жоғары мектебінің деканы Ғалия Рахметқызы түлектер мен олардың ата-аналарына арнап сөз сөйледі. «Университетте оқыған жылдарыңызда сіздер бәсекеге қабілетті және сұранысқа ие мамандар болуға мүмкіндік беретін баға жетпес білім, дағды және тәжірибе жинадыңыздар. Сіздердің әрқайсыңыз болашақта алға қойған мақсаттарыңызға және үлкен жетістікке жететіндеріңізге сенеміз», – деп атап өтті.
«Қаржы», «Есеп және аудит», «Экономика», «Цифрлық экономика», «Мемлекеттік және жергілікті басқару», «Менеджмент», «Маркетинг», «Логистика» мамандықтарын бітірген 134 магистрантқа салтанатты жағдайда дипломдар табысталды.
Барлық түлектерге ақ жол!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі