Болашақ заңгерлерге диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да болашақ заңгерлерге диплом табыстау рәсімі өтті. Биыл факультетті 374 бакалавр, 115 магистр және 5 докторант бітірді.
Салтанатты шараға биылғы бітіруші түлектер, оқытушы-ғалымдар, заң саласының өкілдері мен түлектердің ата-аналары жиналды.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранымен ашылған салтанатты шарада Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов түлектерді ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың атынан құттықтап, жастардың еңбек жолына сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсімде заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов та түлектерге жылы лебізін арнады. «Бүгінгі күн – сіздердің өмірлеріңіздегі маңызды белестердің бірі. Енді алған білімдеріңізді халыққа қызмет етуге, әділетті қоғамды қалыптастыруға жұмсайтын уақыт келді», – деді.
Жиынға қатысқан түлектердің ата-аналары мен оқытушылар қауымы да ортақ қуанышқа куә болды. Көптеген түлектер өз алғыстарын білдіріп, университет қабырғасында алған білімдері мен тәжірибелері болашақ жолдарын анықтауға зор ықпал еткенін атап өтті.
Сонау 1955 жылы ашылған заң факультеті бүгінгі күнге дейін көптеген жаңару мен өзгерістерді басынан өткеріп, «Құқықтану», «Кеден ісі» және «Құқық қорғау қызметі» және басқа да білім беру бағдарламалары бойынша мамандар даярлайды.
Факультетте 15 ҚР Ұлттық заң академиясының академиктері, 30-ға жуық доктор мен профессорлар, 70-тен аса ғылым кандидаттары, 30 доктор PhD, сонымен қатар ҚР Парламенті, ҚР Үкіметі, ҚР Президенті Әкімшілігі, ҚР Конституциялық соты, ҚР Жоғарғы соты, құқық қорғау органдары мен Ғылым академиясы қызметкерлерінен құралған жоғары тәжірибелі мамандар дәріс жүргізеді.
Айта кетерлігі, болашақ заңгерлер ҚазҰУ дипломдарымен бірге әскери атақ алды. 98 заң факультетінің түлегі запастағы лейтенант атағына ие болды. Жаңа формат биыл енгізілді. Бұрынғы тәртіп бойынша әскери атақ жаңа оқу жылының басында берілетін.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі