- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ мен Иркутск мемлекеттік аграрлық университеті қосдипломдық бірлескен бағдарламаны жүзеге асыруда
ҚазҰУ мен Иркутск мемлекеттік аграрлық университеті қосдипломдық бірлескен бағдарламаны жүзеге асыруда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Иркутск мемлекеттік аграрлық университеті Шанхай ынтымақтастық ұйымы университеті аясында магистранттарды бірлесіп даярлау туралы келісімге қол қойды.
Кездесу барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Алина Галеева мен Иркутск МАУ проректоры Олег Репецкий бағдарламалық құжатқа қол қойды.
Алина Құлбайқызы өз сөзінде Қазақстан мен Ресей арасындағы экономикалық ынтымақтастықтың жоғары деңгейде екенін атап өтті. Айта кетсек, қазіргі таңда жалпы құны 18 млрд АҚШ долларынан асатын 90-нан астам ірі бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр, тағы 49 жоба орындалу сатысында. ҚазҰУ Ресейдің жетекші жоғары оқу орындарымен ынтымақтастықты белсенді түрде дамытып келеді. Бүгінде университет Ресейдің 180 университеті және ұйымымен әріптестік орнатқан. Қол қойылған келісімдер аясында академиялық және ғылыми-зерттеу жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде. ҚазҰУ-да қазіргі уақытта Ресейден 58 студент білім алуда. Сонымен қатар университет базасында 2022 жылғы 12 қыркүйекте ресми түрде ашылған Ұлттық ядролық зерттеу университеті (МИФИ) филиалы табысты жұмыс істейді. Өткен жылы Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университеті базасында ҚазҰУ филиалы ашылды.
«ҚазҰУ Иркутск мемлекеттік аграрлық университетімен ынтымақтастыққа дайын және ШЫҰ университеті аясында магистранттарды бірлесіп даярлау бастамасын қолдайды», – деді проректор.
Өз кезегінде Иркутск МАУ проректоры Олег Репецкий Сібірдің ең көне аграрлық жоғары оқу орнының Ресейдің агроөнеркәсіптік кешеніне кадр даярлаудағы маңызды рөліне тоқталды. Университет аграрлық ғылымның басым бағыттары бойынша жобаларды белсенді түрде жүзеге асырып келеді. Ғылыми мектептердің жұмысы агроэкология, ветеринария, биотехнология, ауыл шаруашылығы инженериясы, жер кадастрлары, табиғи ресурстарды басқару және басқа да салаларды қамтиды.
Сондай-ақ тараптар қосдипломдық білім беру бағдарламасын бірлесіп жүзеге асыру мәселелерін талқылады. Бағдарлама аясында студенттер екі серіктес университетте білім алады. Бағдарламаны сәтті аяқтаған түлектер әр университеттің мемлекеттік үлгідегі дипломын және Шанхай ынтымақтастық ұйымы университетінің сертификатын алады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі