Физика-техникалық факультетінің түлектеріне диплом табысталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде физика-техникалық факультетінің түлектеріне арналған салтанатты диплом табыстау рәсімі өтті.
Сахна төріне алдымен ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаевтың түлектерге арналған құттықтау сөзін оқу үшін Басқарма мүшесі – қаржы-шаруашылық мәселелері және инфрақұрылымды дамыту бойынша проректор Әбдірахман Тасыбаев шықты. Құттықтау хатта университеттің жетістіктері мен биік мәртебесі атап өтіліп, түлектерге жігер берер ізгі тілек жолданды: «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінің түлектері еліміздің еңбек нарығында өте жоғары бағаланады. Олардың қолында білім мен технологияның кез келген жаңа салаларын белсенді меңгеруге, өз армандары мен ұмтылыстарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін іргелі білімі мен практикалық дағдылары бар. Сіздер де осы игі дәстүрді жалғастырып, Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін көтеретін, ел мүддесіне адал қызмет ететін білікті маман мен көшбасшы болатындарыңызға сенемін», – делінді құттықтауда.
Мұнан кейін проректор үздік түлектерге дипломдарды салтанатты түрде табыстап, болашақ жолдарына сәттілік тіледі.
Салтанатты рәсім факультет деканы, профессор Нұрзада Әбдібекқызының құттықтау сөзімен жалғасты. «Бүгінгі күн – қажырлы еңбектеріңіз, табандылық пен білімге деген құштарлықтарыңыздың жемісі. Сіздер еліміздің ғылымы мен технология саласына тың серпін беретін, заманауи ойлайтын, озық ойлы маман ретінде ересек өмірге қадам басып отырсыздар. Жолдарыңыз ашық болсын!» – деді декан.
Өз кезегінде түлектер де туған университетіне шексіз алғыс білдіріп, алдағы жоспарларымен бөлісті. Физика-техникалық факультетінің түлегі Ғалия Түзен:
«Бұл мен үшін үлкен жетістік. Физика-техникалық факультеті – терең білім мен ғылыми ізденістің ордасы. Ендігі мақсатым – алған білімімді елімнің дамуына жұмсау», – деді ерекше қуанышпен.
Биыл физика-техникалық факультетін 380 түлек тамамдап отыр. Оның ішінде 287 жас бакалавр, 93 түлек магистр дәрежесін иеленді.
Салтанатты шара түлектердің естелік фотосессиясымен, оқытушылар мен ата-аналардың жылы тілектерімен жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
