ҚазҰУ медицина және денсаулық сақтау факультетінің түлектерін құттықтады

Әл-Фараби ғылыми кітапханасында медицина және денсаулық сақтау факультетінің түлектеріне диплом табыстау салтанатты рәсімі өтті.
Салтанатты шара ҚазҰУ тарихы жайлы видеожазбаның көрсетілуімен басталып, барша жиналғандарды ЖОО-ның өткені және бүгінімен таныстырды.
Тұрақты әлеуметтік даму жөніндегі проректордың м.у.а. Жұлдыз Есімова университет ректоры Жансейіт Түймебаевтың құттықтауын оқып, ҚазҰУ-дың әр жылғы түлектерінің медицина болашағына қосқан үлесін атап өтті.
Салтанатты рәсім мамандықтар бойынша диплом табыстаумен жалғасты. Сахнада ұстаздар мен түлектер барша қолдауға алғыс айтып, оқу жылдарындағы естен кетпес естеліктерімен бөлісті. Салтанатты жиында жас түлектердің ата-аналары да жылы лебіздерін жеткізді.
Қатысушылар мен қонақтардың назарына студенттік өмір жайлы естеліктері бар бейне ұсынылды. Бұл түлектер үшін күтпеген тосын сый болды. Салтанатты рәсім аясында «Біздің университеттің есігі сіздер үшін әрдайым ашық!» деген ұран айтылып, барша жиналғандар түлектерге табыс тіледі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
