ҚазҰУ-да бір топтан 21 қызыл диплом иегері шықты

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факультетінің 401-топ түлектері оқу орнын ерекше жетістікпен тамамдады. 21 студенттің 21-і оқуын қызыл дипломмен аяқтап, факультет тарихында бұрын-соңды болмаған нәтиже көрсетті. Кіл қыздардан құралған топ Түркітану және тіл теориясы кафедрасында «Екі шет тілі» мамандығы бойынша білім алып шықты.
Аталған топ студенттері оқуда озат қана емес, жан-жақты дамыған, заманауи көзқарастағы жастар ретінде де ерекшеленеді. Топ кураторы Альбина Досанова: «Қыздар академиялық ұтқырлық бағдарламалары аясында шетелдерде білім алып, халықаралық ортада бәсекеге қабілеттілігін дәлелдеді. Work and Travel сияқты бағдарламаларға қатысып, түрлі елдерде еңбек етті, өмірлік тәжірибе жинады. Сонымен қатар қазақстандық және шетелдік ұйымдарда волонтерлік жұмыс атқарып, азаматтық белсенділігін көрсетті. Олар болашақтың мамандары», – дейді мақтанышпен.
Сондай-ақ топ қыздары ғылыми жобалар, дебаттар, конференциялар мен қоғамдық іс-шараларға белсене қатысып, көшбасшылық қабілеттерін шыңдаған. Бірнеше студент шетелдік магистратура бағдарламаларына құжаттарын тапсырып та үлгерген.
Жас мамандар өз кезегінде сапалы білім беріп, көптеген мүмкіндіктерге жол ашқан университет пен барша оқытушылар қауымына шексіз алғыстарын білдірді.
Сандуғаш Керей: «Университеттегі оқу жылдарым мен үшін үлкен өмірлік және кәсіби мектеп болды. Қазақ ұлттық университеті маған сапалы білім беріп қана қоймай, тілдік және мәдениетаралық құзыреттілігімді дамытуға зор мүмкіндік берді».
Әсемай Анарбек: «Қазір мен білімімді тәжірибемен ұштастыру кезеңіндемін. Болашақта өз саламда мықты маман болып қалыптасқым келеді. Сонымен қатар өзімді түрлі бағытта дамытып, тіл меңгеруді, шығармашылық жобаларға қатысуды жалғастырамын. Мақсатым – елімнің білім саласына нақты үлес қосу».
Ақбота Фазылбек: «Ұстаздарыма, бірге оқыған достарыма алғысым шексіз. ҚазҰУ бізді кәсіби жағынан ғана емес, ішкі сенім мен көзқарасымыздың да қалыптасуына негіз болды. Барлығы үшін рақмет!»
Ақерке Қарақұл: «Университет қабырғасында ұйымдастырушылық қабілетімді дамытып, ұжыммен тиімді жұмыс істеуді, жауапкершілік пен көшбасшылықты қатар алып жүруді үйрендім. Осы мүмкіндіктер үшін барша ұстаздарыма, жол көрсеткен жетекшілеріме және әрдайым қолдау білдірген жақындарыма алғысымды білдіремін. ҚазҰУ – менің өмірімдегі ең жарқын белестердің бірі».
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

