Бүгін білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталдыFarabi University

Бүгін білім беру грантына өтініштерді қабылдау басталды

13 шілде, 2025

Бүгін Қазақстанда бакалавриат бағдарламалары бойынша білім беру грантына құжаттарды қабылдау ресми түрде басталады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мемлекеттік қызмет көрсетуші жоғары оқу орны ретінде 13-20 шілде аралығында құжаттарды қабылдайды.

 

Бұл мерзім ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі тарапынан ресми бекітілген.

Биыл республика бойынша 77 084 грант бөлінді. Бұл білім алуға тең мүмкіндік беру жолындағы маңызды қадам. ҚазҰУ 50 білім беру бағдарлама тобы бойынша конкурсқа қатысады және талапкерлер осы бағыттар арқылы университетті таңдай алады. Бағдарламалар қатарына гуманитарлық, әлеуметтік, жаратылыстану және техникалық бағыттар кіреді.

 

Құжаттарды тапсырудың үш жолы ұсынылады:

  1. Қабылдау комиссиясына келіп тапсыру.
    Мекенжайы: Алматы қаласы, Әл-Фараби даңғылы, 71/21, «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы. Жұмыс уақыты: күн сайын 09:00 –18:00
    Сондай-ақ қолайлы жағдайлар жасалған:

– электронды кезек жүйесі;

– күту залы;

– университеттің бас тұрақ аймағынан қабылдау бөліміне дейін 15 минут сайын автобус жүреді.

  1. Виртуалды қабылдау комиссиясы арқылы тапсыру
    https://farabi.university/postupayushchim/bakalavriat?&active_tab_order=8 сілтемесі арқылы техникалық хатшымен байланысып, құжаттарды Microsoft Teams арқылы тапсыруға болады.
  2. Egov электрондық үкімет порталы арқылы www.egov.kz сайтында ЭЦҚ арқылы онлайн құжат тапсыру мүмкіндігі бар.

Қажетті құжаттар тізімі:

  • Аттестат немесе диплом және қосымшасы (түпнұсқа);
  • Жеке куәліктің көшірмесі;
  • ҰБТ сертификаты;
  • Квота құжаттары (бар болса);
  • 18 жасқа толмаған талапкерлер үшін – ата-анасы немесе нотариалды сенімхаты бар сенімді тұлғаның қатысуы.

ҚазҰУ талапкерлерді жоғары оқу орнының академиялық сапасына, заманауи инфрақұрылымына және кең мүмкіндіктеріне назар аудара отырып, құжат тапсыруға шақырады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі