Kingsmen делегациясы ҚазҰУ қалашығымен танысты

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Сингапурдың Kingsmen компаниясы өкілдеріне арналған арнайы кампус-тур ұйымдастырылды.
Делегация құрамында Kingsmen компаниясының зерттеушілері Цзя Лин Ван, Эмир Хамзах Мустаффа Камал, Женевьева Джуан Ли Тео мен жобалық дирекция сарапшысы Сұлтанбек Қағым болды.
Кампус-тур оқу ордасының тарихи мұражайынан бастау алды. Мұнда қонақтар назарына ҚазҰУ-дың даму кезеңдері, оның білім мен ғылымдағы рөлі және халықаралық ынтымақтастықтағы жетістіктері жайлы ақпараттар ұсынылды.
Сонымен қатар делегация Әл-Фараби мұражайында болып, ғұлама ойшылдың өмірі мен еңбектері, сондай-ақ университеттің осы рухани мұраға негізделген білім беру бастамаларымен танысты.
Қонақтар ерекше қызығушылық танытқан нысандардың бірі Жерді қашықтықтан зондтау орталығы болды. География және табиғатты пайдалану факультетінде орналасқан бұл орталықта ғарыштық мониторинг, экологиялық сараптама және табиғи ресурстарды басқару бағытындағы заманауи шешімдер көрсетілді.
Сонымен қатар делегация факультет зертханаларының жұмысын көзбен көріп, тұрақты даму, экология және геоақпараттық технологиялар саласындағы ғылыми жобалармен танысты.
Кампус-тур соңында делегация мүшелері жылы қабылдауға алғыс білдірді. Қонақтар ҚазҰУ-мен стратегиялық серіктестік әлеуетін жоғары бағалап, ықпалдастық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытты.
Халықаралық Kingsmen компаниясы архитектуралық шешімдер, көрмелік жобалар, тақырыптық парктер мен білім беру инфрақұрылымы салаларында жұмыс істейді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


