Іле-Қазақ автономиялық аймағымен ғылыми байланыс

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Іле-Қазақ автономиялық округінің Ғылым және технологиялар басқармасы делегациясымен ресми кездесу өтті. Тараптар ғылым мен технология саласындағы ортақ мақсаттарға жету жолдарын талқылады.
Кездесуді оқу ордасы Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов ашты. «Университетіміз халықаралық әріптестікке әрдайым ашық. Бүгінде ҚазҰУ Қытай Халық Республикасының 65 университеті және ғылыми ұйымдарымен серіктестік орнатқан. Университет қабырғасында Қытайтану кафедрасы, Конфуций институты және бірқатар бірлескен ғылыми орталықтар сәтті жұмыс істеп келеді. Біз ғылыми тәжірибе алмасуға, ортақ зерттеу алаңдарын құруға және бірлесе ілгерілеуге дайынбыз», – деді Еркін Ерманұлы.
Өз кезегінде Іле-Қазақ автономиялық округінің Ғылым және технологиялар басқармасының директоры Ербол Мағау жылы қабылдау үшін алғыс білдірді. Ол орталықтың ғылыми қызметі жайлы әңгімелей келе: «Мақсатымыз – заманауи ғылыми технологияны бірлесіп дамыту. Бүгінгі таңда біз екі негізгі сала – түйе сүтінен өнім шығару және биотехнологиялық зерттеулерді басты назарда ұстап отырмыз. Бұл бағыттарда өзара ғылыми байланыстарымызды кеңейтіп, нәтижелі серіктестікке қол жеткіземіз деп сенеміз», – деген пікірін жеткізді.
Сондай-ақ делегация өкілдері білім мен ғылымнан бөлек, жастардың жан-жақты дамуы мен тұлға ретінде қалыптасуына бағытталған университет ұжымының еңбегін жоғары бағалады. Қонақтар биотехнология, медицина және экология салаларындағы бірлескен зерттеулер екі ел арасындағы ынтымақтастықты жаңа сапалық деңгейге көтеруге мүмкіндік беретініне ерекше тоқталды.
Тараптар академиялық алмасумен ғана шектелмей, нақты өндірістік нәтижелерге бағытталған бірлескен жобалардың өзектілігі мен болашағын қарастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

