Министр кеңесшісі ҚазҰУ қабылдау комиссиясының жұмысымен таныстыFarabi University

Министр кеңесшісі ҚазҰУ қабылдау комиссиясының жұмысымен танысты

18 шілде, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ҚР ғылым және жоғары білім министрінің кеңесшісі Руслан Емелбаев жұмыс сапарымен келді. Сапар аясында ол университеттегі қабылдау комиссиясының жұмысын бақылап, науқанның ұйымдастырылу барысымен танысты.

Руслан Тоқтарбекұлы «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығында кеңес беру аймағын, құжаттарды қабылдау бөлімін және электронды кезек жүйесін қарап шықты. Орталықтағы мамандармен, талапкерлермен тілдесіп, пікір алмасты.  Мұнда талапкерлер мен ата-аналарға қолайлы жағдай жасалғаны, кеңес беру мен құжат қабылдау жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқаны атап өтілді.

Кеңесші виртуалды қабылдау комиссиясының жұмысына ерекше назар аударды. Бұл жүйе талапкерлерге еліміздің кез келген аймағынан құжаттарын онлайн тапсырып, кеңес алу мүмкіндігін ұсынады.

«ҚазҰУ қабылдау процесін жүйелі және заманауи форматта ұйымдастырып отыр. Бұл жоғары білім беру саласындағы оң тәжірибе. Осындай үлгіні өзге жоғары оқу орындары да қолдануы тиіс», – деді министр кеңесшісі.

Сондай-ақ министр кеңесшісіне оқу орнының даму стратегиясы мен білім беру сапасын арттыру бағытында қолға алынған бастамалар туралы ақпараттар берілді.

Сапар соңында Руслан Емелбаев ҚазҰУ ұжымына табысты еңбек, талапкерлерге сәттілік тіледі.

Мемлекеттік грант конкурсына өтініш 20 шілдеге дейін қабылданады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі