Университетте оқытушы болу – үлкен жауапкершілік

Мен үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті – жай ғана оқу орны емес, тағдыр жолымды айқындап берген қасиетті шаңырақ. Осы қара шаңырақтың қабырғасында үш жыл докторантурада білім алып, қазіргі таңда екінші жыл қатарынан ұстаз ретінде еңбек етіп келемін. Бұл жол мені терең білім, биік жауапкершілік және халқына адал қызмет етудің шынайы үлгісімен табыстырды.
Мен осы университеттің түлегі ретінде, қазіргі таңда студенттерге дәріс беріп жүріп, өткен тәжірибемді болашақ ұрпақпен бөлісуді өзімнің азаматтық борышым санаймын. ҚазҰУ-дың білім беру жүйесі тек академиялық біліммен шектелмейді. Мұнда студенттердің тұлғалық дамуына, рухани өсуіне және кәсіби шеберлігін арттыруға ерекше мән беріледі. Бұл – университеттің басты артықшылығы.
ҚазҰУ-да студенттер үшін барлық жағдай жасалған: ғылыми-зерттеу орталықтары, заманауи зертханалар, электрондық ресурстар мен халықаралық ынтымақтастық аясындағы бағдарламалар жүйелі түрде жұмыс істейді. Мен докторантурада оқыған кезеңде бірнеше халықаралық ғылыми жобаларға қатысу мүмкіндігіне ие болдым. Бұл тәжірибе маған тек ғылыми тұрғыда емес, тұлғалық жағынан да өсуге ықпал етті.
Қазіргі таңда ұстаз ретінде дәріс беріп жүрген әр сабағымда жастардың білімге деген ынтасын, ғылымға деген қызығушылығын байқап, қуанышқа бөленемін. Себебі бұл ҚазҰУ-дың қалыптастырған ерекше ортасының нәтижесі. Мұндағы академиялық талап пен адами қарым-қатынастың үйлесімі студенттерге терең білім мен кең дүниетаным береді.
Университетіміздің «Университет 4.0» тұжырымдамасы бүгінгі жаһандық өзгерістерге лайық заманауи білім беруді мақсат етеді. Бұл модель білім, ғылым, инновация және рухани құндылықтарды біріктіре отырып, болашақтың интеллектуал тұлғасын қалыптастыруға бағытталған. Бұл бағытта ҚазҰУ жүйелі жұмыс атқарып келеді және әлемдік білім кеңістігінде өз орны бар екенін дәлелдеп отыр.
Ұстаз болу – әркез үлкен міндет. Ал ҚазҰУ-да ұстаз болу – одан да биік жауапкершілік. Себебі сен тек білім ғана емес, болашаққа бағдар, бағыт бересің. Университет қабырғасында тәрбиеленген студенттеріміз ертең елдің түрлі салаларында қызмет етіп, қоғамды дамытатын азаматтарға айналатынына сенімім мол.
ҚазҰУ – тек ғылым мен білімнің емес, сонымен қатар ұлттық рухтың, мәдениеттің, адамгершілік пен парасаттылықтың ордасы. Мұнда тәрбиеленген әр студент өз тамырына, тіліне, тарихына құрметпен қарайтын, заман талабына сай ойлай алатын тұлға болып қалыптасады. Университетіміздің мұндай миссиясы – еліміздің ертеңіне қызмет ету жолындағы шынайы еңбек.
Қорытындылай келе айтарым, ҚазҰУ – менің кәсіби жолымды бастаған және өмірлік бағыт берген мекен. Бұл университет мен үшін тек білім алған орда емес, қалыптасқан орта, үздіксіз даму алаңы. Болашақта да ҚазҰУ биік белестерден көрініп, ұлтқа қызмет етуді жалғастыра беретініне сенімім кәміл.
Зарина ҰЗАҚБАЕВА,
Шетел тілдері кафедрасының оқытушысы
Басқа жаңалықтар


