ҚазҰУ Әскери кафедра курсанттары ант қабылдадыFarabi University

ҚазҰУ Әскери кафедра курсанттары ант қабылдады

25 шілде, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да запастағы офицерлерді даярлау бағдарламасы бойынша әскери даярлықтың толық курсын аяқтаған курсанттардың әскери ант қабылдау салтанатты рәсімі өтті.

Болашақ запастағы офицерлерді ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов, «Парасат» кәсіподағы төрағасының орынбасары Ольга Ложникова, Қарулы Күштердің ардагерлері және студенттердің ата-аналары құттықтап келді.

ҚазҰУ Әскери кафедрасының бастығы, запастағы полковник Олег Ажимов өз сөзінде биыл ҚазҰУ-дың 739 студенті мен Алматы қаласының 13 ЖОО білім алушылары ант қабылдады, олар енді «запастағы лейтенант» әскери атағын алу үшін арнайы дайындықтан өтетінін атап айтты.

Әскери кафедра студенттерінің биылғы шығарылымы Жеңістің 80 жылдығымен сәйкес келді. Әскери қызметте және жастармен тәрбие жұмысында мол тәжірибесі бар оқытушы-профессорлар құрамымен жасақталған Әскери кафедра студенттер арасында қазақстандық патриотизмді насихаттау, университетте әскери қызметтің имиджі мен беделін арттыру жөніндегі іс-шараларды  дәстүрлі түрде ұйымдастырады.

Іс-шараға қатысушы барша қонақтар мен студенттердің ата-аналарына жауынгерлік және саптық даярлық бойынша әскери кафедра түлектерінің арнайы әскери-жаттығу қойылымдары көрсетілді. Барлық студенттердің атынан Әскери кафедра ұжымына оқу үздіктері Бектұрсын Әлімқұлов пен Дарья Солдатова шын жүректен алғыстарын білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі