ҚазҰУ Қазақстан мен Ресей білім кеңістігін біріктірудеFarabi University

ҚазҰУ Қазақстан мен Ресей білім кеңістігін біріктіруде

29 шілде, 2025

28 шілдеде Омбыда Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және РФ Ғылым және жоғары білім министрі Валерий Фальков жоғары білім саласындағы серіктестікті тереңдетуге бағытталған кездесу өткізді. Келіссөздер Ресей Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустиннің Ф.М.Достоевский атындағы Омбы мемлекеттік университетіне сапары аясында ұйымдастырылды.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Ресей арасындағы білім беру интеграциясын ілгерілету, академиялық байланыстарды кеңейту және ғылыми серіктестікті тереңдету мәселелерін талқылады.

Саясат Нұрбек Омбы қаласында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің филиалын ашу – екі ел арасындағы стратегиялық серіктестіктің жарқын көрінісі екенін атап өтті. Бұл бастама шекара маңы аймақтарындағы жастарға сапалы білімге қол жеткізуге жол ашып, студенттердің академиялық ұтқырлығын арттырады.

Өз кезегінде ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев университеттің Қазақстандағы көшбасшы жоғары оқу орны ретінде білім кеңістігіндегі ықпалдастық пен трансшекаралық жобаларға белсенді үлес қосып келе жатқанын айтты. Оның айтуынша, ҚазҰУ бүгінде әлемнің беделді QS рейтингінде 166-орынды иеленіп отыр. Бұл көрсеткіш университеттің халықаралық деңгейдегі ғылыми, академиялық және инновациялық әлеуетінің жоғары екенін дәлелдейді. Сонымен қатар ректор ҚазҰУ филиалы болашақта екі ел арасындағы ғылым мен білім саласындағы интеграциялық үдерістерді тереңдететін маңызды алаңға айналатынына сенім білдірді.

 

Тараптар сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, ғылыми зерттеулер жүргізу, академиялық алмасу тетіктерін жетілдіру және кадр даярлау бағытында өзара іс-қимылды күшейтуге ниетті екендерін білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі