Бабеш-Бойяи университетінде білім алғаныма бақыттымынFarabi University

Бабеш-Бойяи университетінде білім алғаныма бақыттымын

30 шілде, 2025

Bunā ziua! Бұл румын тілінде «Қайырлы күн!» деген мағы­на­ны білдіреді. Биыл мен акаде­мия­лық ұтқырлық бағ­дар­­ла­ма­сы аясында Румыния мем­лекетінің ең көне әрі ірі, аса бе­делді жоғары оқу орын­­да­ры­ның бірегейі  Бабеш-Бой­яи универ­си­тетінде  білім алдым. 

Клуж-Напока қаласында 1581 жылы Иезуиттер орденіне тиесілі Клаудиополитана ака­де­миясы ретінде негізі қа­лан­ған бұл университет бірнеше қай­та құру кезеңдерінен өтіп, 1959 жылы қазіргі Бабеш-Бойяи университеті болып құ­рылды. Оның атауы румын ми­кро­биологы Виктор Бабеш пен венгр математигі Янош Бойяи құрметіне қойылған. Оқу ор­да­сы тек румын тілінде ғана емес, венгр және неміс тілдерінде де білім береді.  Бірақ ағылшын, француз және басқа шет тіл­де­рінде де толығымен оқы­ты­ла­тын бағдарламалар қарас­ты­рыл­ған. Мұнда 21 факультетте 50 мыңға жуық студент оқиды.  Университет білім беру жүйесін үздіксіз жетілдіріп келеді. Со­нымен қатар бұл оқу ордасы 50 елдегі 210 университетпен се­ріктестік орнатқан. Білім ша­ңы­рағының іргетасы қалан­ған­нан бері оның академиялық дең­гейі мен ғылыми зерт­теу­ле­рінің нәтижелері халық­ара­лық аренада айтарлықтай абы­ройға ие.

Клуж-Напока қаласындағы халықаралық қатынастар бөлі­мі­нің қызметкері ретінде қа­жыр­лы еңбек еткен Михаела Бог­дан (Mihaela Bogdan) уни­вер­ситет пен академиялық ұт­қыр­лық бағдарламасы туралы сөз қозғады: «Білім минис­тр­лігі халықаралық студенттерге шә­­кіртақы ұсынады. Біз өз ел­дерінде грантқа қол жеткізген сту­денттерді қабылдаймыз және жібереміз. Екіжақты ке­лі­сімдер немесе Эразмус бағ­дар­ламасы аясында олар біз­дің университетімізде бір се­местр немесе толық оқу жы­лын өткізе алады. Ауысып оқу бағ­дарламасы негізінде әр се­местрде шамамен 700 студент өзге елдерге жіберіледі және 300-400 студент қабылдаймыз. Оқу ордасы көпмәдениетті ор­та ретінде танымал. Мұнда сіз тек жергілікті тұрғындармен ға­на емес, көптеген халық­ара­лық студенттермен де таныса ала­сыз».

Саяси, әкімшілік және ком­му­никациялық ғылымдар фа­куль­теті (FSPAC) мемлекеттік басқару, журналистика, қоғам­мен байланыс, көшбасшылық, жарнама, саясаттану және денсаулық сақтау сала­ла­рын­да оқу бағдарламаларын ұсы­на­ды. 1995 жылдың басынан фа­культет білім беру және ғ­ы­лыми-зерттеу бағ­дарлама­ла­ры, инфра­құрылым, білім са­пасы және сабақтан тыс жұ­­мыстар бойынша үздіксіз да­мумен айналысады. Фа­куль­тет білім беру үдерісі мен еңбек нарығы арасындағы тиімділікке негізделген тұрақты байла­ныс­қа қол жеткізе отырып, жур­налистика саласындағы кә­сіби мамандарды даярлауды мақсат тұтқан. Профессорлық-оқытушылық құрам осы фа­культетте оқыған және Еуропа, Американың беделді уни­вер­ситеттерінде маман­дан­ды­рыл­­ған жас топтан тұрады. Сту­­денттер жергілікті, аймақ­тық немесе ұлттық м­е­кеме­лер­де тағылымдамадан өту ар­қы­лы оқу семестрінде алған дағдыларын дамытып келеді.

Журналистика және цифр­лық медиа кафедрасының оқы­тушысы Рарес Беуран (Rares Beuran) факультеттің студент­тер­ге ұсынатын мүмкіндіктері туралы айтып берді.  «Радио мен телестудияның тарихы 17 жыл бұрын басталған.  Әу бас­та өте белсенді студенттер то­бы радиостанция ашқысы кел­ген. Нәтижесінде Бабеш-Бойяи радиосы Румыниядағы сту­дент­­тік радиолар арасында алғашқы онлайн радиостан­ция­сы ретінде әйгілі болды. Біз жұмысты веб-сайт ашудан бастадық және радионы іске қостық, бір жарым-екі жылдай уақыт өткен соң қазіргі тұрған ғимаратымызды да алдық. Фа­культетке көшкен соң Бабеш-Бойяи ТВ бағдарламасын да да­мыттық. Алғашында бізде камералар мен дыбыс жазу құ­рыл­ғылары болды, бірақ қазір біз үнжазба мен бейне­ма­те­риал­ды өңдеу үшін телефонға арналған қосымшаларды сту­денттерге үйретіп келеміз. Ра­дио мен телевидениеде ше­бер­лік сағаттарын өткізу ар­қылы студенттердің кәсіби бі­ліктілігін арттыруды мақсат тұтқан бүкіл Трансильванияда танымалдыққа ие әрі радио саласымен етене  таныс Кар­мен Физешан (Carmen Fizesan) және бұрын біздің студентіміз болған, ал қазір Бухарестте Еуроньюс (Euronews) жаңалық­тар бөлімінде жұмыс істейтін Мария Моистың (Maria Mois) еңбегі елеулі. Әрине, бізде жер­гілікті радиостанция, ра­дио Клужбен және мемлекеттік те­­левидениемен серіктес­тік­те­ріміз бар», – деп оқытушы сту­дия туралы құнды ақпарат­пен бөлісті.

Факультет қабырғасында қа­зіргі медиа саласы сұра­ны­сы­на ие пәндер оқытылады. Мә­селен, «Этика және кәсіби деон­тология» пәнінің оқы­ту­шысы болашақ журналистердің  этикалық кодекстегі ереже­лер­ге сай жұмыс істеуін талап етеді. Мысалы, жәбір­ле­ну­ші­лердің құқығын қорғау мақ­са­тында олардың жеке дерек­те­рін жариялауға, кәмелетке тол­маған жастардың аты-жө­нін, бет-әлпетін көрсетуге мүл­де болмайтынын ескертіп, Гер­ма­ния, Швеция, Дания, Ру­­мыния сияқты бірқатар мем­ле­кет­тердің этикалық ко­декс­те­рін­де­гі қағидалар тү­сін­­д­іріліп, оқы­­тушы нақты мы­­салдар кел­тірді.

«Мен Эразмус бағдар­ла­ма­сы аясында Румыниядағы осы университетті таңдадым. Әри­не, мен осы факультетті өте жақ­сы көремін, себебі бұл сту­денттер үшін жоғары дә­ре­жедегі университет. Мұндағы мамандар әрқашан сізге қажет кезде көмек көрсетеді. Менің ойымша, журналистика қо­ғам­да өте маңызды маман­дық­тар­дың бірі болып қала бермек. Өйткені ақпарат – бұл күш, қа­зіргі заманда сіз ақпараттан құр қалмауыңыз керек. Біз қо­ғамға не болып жатқанын тү­сін­діру үшін кәсіби журналист болуға ұмтыламыз», – деп  Ис­пания азаматы Франсиско Пе­рес (Fransisco Perez) өз пікі­рі­мен бөлісті.

Бүгінде университет Румы­ния­дағы жетекші жоғары оқу орындарының бірі саналады. 2016 жылғы жалпы рейтинг бойынша ол Румыниядағы №1 университет деп танылды. Ба­беш-Бойяи университетінің жур­­налистика факультеті шы­ғар­машылық пен шеберлікті шың­­дайды. Студенттер түрлі мәдениеттермен танысып, шет­елдік алмасу бағдар­ла­ма­ла­рына қатысу мүмкіндігіне ие бол­ғаны қуантады. Шетелде білім алуға мүмкіндік берген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға, Халықаралық ынтымақ­тас­тық департаментіне және Ба­беш-Бойяи университетіне ал­­ғыс білдіремін.

Альмира БАУЫРЖАНҚЫЗЫ,

журналистика факультетінің 3-курс студенті