Меморандум аясында өткен халықаралық семинар-тренинг

Шығыстану факультетінің Арабтану орталығы мен Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы Сауд Арабиясы Корольдігіндегі Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясымен (King Salman Global Academy for Arabic Language) бірлесіп араб тілі оқытушыларына арналған халықаралық әдістемелік семинар-тренинг өткізді.
Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы араб тілінің мәртебесін араб елдерінің өзімен қоса, әлемдік деңгейге көтеру, маңыздылығын дәріптеу әрі нығайту мақсатында 2020 жылы 1 қыркүйекте Сауд Арабиясы Мәдениет министрлігінің шешімімен құрылған. Академия «Saudi Vision 2030» Даму бағдарламасының адами ресурстарды дамыту тармағы аясында жұмыс істей отырып, араб тілін, ғылымын дамытуға бағытталған ғылыми орталыққа айналуды көздейді. 2021 жылдың ақпан айынан бастап академияның бас хатшысы қызметін доктор Абдулла әл-Уашми атқарып келеді. Академия төрт негізгі бағыт бойынша жұмыс істейді: Тіл ғылымы мен тіл саясаты, Компьютерлік лингвистика, Араб тілі бойынша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыру, Тілдік мәдени бағдарламалар ұйымдастыру.
Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 2023 жылы қаңтар айында тұңғыш рет Әр-Рияд қаласында ҚР жоғары оқу орындарындағы араб тілі мамандарын қабылдап, семинар-тренинг өткізді. Делегацияны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің араб тілі оқытушы-профессорлар құрамы бастап барды. Семинар-тренинг аясында араб тілінің мамандары өз кәсіби біліктіліктерін арттырып қана қоймай, Сауд Арабиясының тарихы, мәдениетімен жақын танысуға мүмкіндік алды. Сапар толығымен академия тарапынан қаржыландырылды.
2024 жылы қыркүйек айында академияның бас хатшысы Абдулла әл-Уашми бастаған делегация Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне ресми сапармен келді. Сапар нәтижесінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы арасында өзара ынтымақтастық пен түсіністік меморандумына қол қойылды.
Екіжақты меморандум аясында ҚазҰУ академиямен бірлесіп араб тілін компьютерлеу, электронды сөздіктер құрастыру, лингвистикалық корпустар, оқулықтар мен оқу құралдарын әзірлеу, тілдік деңгейді анықтайтын тест құрастыру, араб тіліндегі қолжазбаларды зерттеу, семинар-тренингтер мен шеберлік сабақтарын өткізу сынды бірқатар бағыттар бойынша бірлесе жұмыс істеуге келісті.
Аталған шаралардың бастамасы ретінде Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы 2025 жылдың 26-29 мамыр аралығында ҚазҰУ шығыстану факультеті араб тілінің оқытушыларына арналған семинар-тренинг өткізді. Семинар-тренингтің мақсаты мамандарға араб тілін үйретуде дәстүрлі әдістердің тиімді жақтарымен қатар, инновациялық технологияларды қолдануға, сол арқылы әр студенттің қабілетіне қарай интеллектуалдық дарындылығын, жеке қабілетін дамытуға, педагогикалық құзыреттерін, кәсіби білігін арттыруға бағытталды. Академияның сарапшы-мамандары сапар барысында шығыстану факультеті араб тілі бөлімінің студенттеріне екікүндік «Академиялық Хамза тесті» семинар-тренингін ұйымдастырды. Аталған тренингке 30 білім алушы қатысты.
«Академиялық Хамза тесті» – араб тілін меңгерген шетелдік тұлғалардың тілдік құзыреттілігін анықтау мақсатында шетел тілдерін меңгеру деңгейлерін анықтаудың Еуропалық ортақ стандарттарына (CEFR) сәйкес, Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясы әзірлеген академиялық сынақ. «Хамза» тесті A2-ден C1-ге дейінгі төрт деңгейді қамтиды. Мақсаты – араб тілінің мәртебесін ғылыми әрі мәдени тұрғыда халықаралық деңгейге көтеру әрі нығайту, тілдік құзыреттілікті өлшеудің әмбебап құралына айналу, университеттер мен оқу орындарына студенттердің тілдік дайындығы туралы нақты ақпарат беруге бағытталған. Тест құрылымы төрт бөлімнен тұрады: тыңдалым, оқу, жазу және сөйлеу. Жалпы ұзақтығы – 155 минут, 75 тапсырмадан тұрады. Тест екі форматта өткізіледі: офлайн және онлайн. Тест араб тілін оқитын студенттерге, мұғалімдерге және тілдік дайындығын бағалауға мүдделі ұйымдарға арналған.
Халықаралық араб тілі академиясының ҚазҰУ-ға жасаған екінші ресми делегациясының құрамында академияның Лингвистикалық корпустар департаментінің директоры, доктор Афрах ат-Тамими, коуч-тренерлер Мұхаммад бен Шудейд, Абдрахман ас-Сарами, Ухуд аш-Шалауи болды.
Доктор Афрах ат-Тамими бастаған делегация алғашқы күні семинар-тренингтің ашылу салтанатында академияның стратегиялық жоспары, түрлі тілдік, мәдени бағдарламаларымен таныстырып, шараны өткізуге қолдау көрсеткен ҚазҰУ ректоры Ж.Түймебаевқа алғыс білдіріп, факультет деканы Н.Ем, Арабтану орталығының директоры Б.Жұбатоваға академияның бас хатшысы Абдулла әл-Уашмидің құрметі мен сәлемін жеткізді.
Шараға шығыстану факультеті арабтану бөлімінің оқытушы-профессорлары, магистранттары, докторанттары, сондай-ақ Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті, Абылай хан атындағы Әлем тілдері және халықаралық қатынастар университеті, Абай атындағы педагогикалық университеті мен арабтанушы мамандарды даярлайтын өзге де білім беру мекемелерінің 30-ға жуық оқытушысы қатысты.
24 академиялық сағатты қамтыған семинар-тренинг қатысушыларына және араб бөлімінің студенттеріне Король Салман атындағы Халықаралық араб тілі академиясының халықаралық үлгідегі сертификаты табыс етілді.
Айдынгүл ХАВАН,
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасы араб тілі бөлімінің меңгерушісі
Басқа жаңалықтар


