ҚАЗҰУ СПОРТ КЕШЕНІ КҮРДЕЛІ ЖӨНДЕУДЕН ӨТУДЕ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқу-спорт кешенін күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Құрылыс барысымен университеттің Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы танысып, жұмыс сапасын сақтауды және белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды.
Қазіргі таңда бұл нысанда құрылыс қарқыны жоғары. Негізгі кезеңдердің бірі – ескі бөліктерді бұзу жұмыстары толық аяқталған. Сонымен қатар ғимаратты жаңарту мақсатында ішкі су, жылу, электр секілді жүйелер ауыстырылуда. Төбедегі жарық түсетін арнайы терезелердің сырты қапталып, қорғаныс қабаты орнатылуда. Шатыр толық жөнделіп, бетон құйылып, жылу және бу өткізбейтін қабаттар салынды. Сондай-ақ ғимараттың сырты әрленіп, баспалдақтар күшейтіліп жатыр.
Жоба бойынша оқу-спорт кешені толық жаңартылатын болады.
Жөндеу жұмыстары аясында барлық инженерлік және коммуналдық жүйелер жаңартылады. Ғимараттың ішкі және сыртқы әрлеу материалдары ауыстырылып, техникалық жабдықтар толық жаңаланады.
Университет басшылығы оқу-спорт кешенін қайта жаңарту тек инфрақұрылымды жақсарту ғана емес, сонымен қатар студенттер мен оқытушыларға заманауи әрі қауіпсіз орта құруға бағытталғанын атап өтті. Бұл кешен болашақта оқу үдерісіне, спорттық іс-шараларға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға тың серпін бермек.
Жаңғырту жұмыстары толық аяқталған соң, ҚазҰУ-дың оқу-спорт кешені заманауи талаптарға сай жаңа кейіпте есігін айқара ашпақ.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


