«ЖАҢА ӨЗБЕКСТАН» УНИВЕРСИТЕТІМЕН КЕЛІСІМ ОРНАДЫ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаев «Жаңа Өзбекстан» университетінің делегация құрамымен кездесті. Жүздесуде тараптар халықаралық байланыстарды кеңейту, ғылым және білім беру саласындағы ынтымақтасты дамыту жолдарын талқылады.
Кездесу барысында Жансейіт Түймебаев ҚазҰУ-дың халықаралық қызметіндегі негізгі бағыттарға тоқталды. Ректор QS World University Rankings жаһандық рейтингісіндегі университеттің жетістіктерін жан-жақты таныстырып, ақпараттық технологиялар және жасыл энергетика салаларындағы басым зерттеулер мен халықаралық серіктестік жобалары туралы айтты.
Өз кезегінде «Жаңа Өзбекстан» университетінің құрметті профессоры Кадыр Гуламов ҚазҰУ-дың әлемдік білім кеңістігіндегі беделін атап өтіп, болашақтағы бірлескен жобаларға сенім білдірді. Сондай-ақ ол бала кезінде Алматыда тұрғанын және қазақтың білімі мен ғылымының, әдебиетінің дамуына өлшеусіз үлес қосқан Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов сынды белді тұлғалардың көзін көріп, әкесі – Өзбек халқының көрнекті ақыны Гафур Гуламов қазақ зиялылырымен аралас-құралас болғанын айтып, қазақ елін ерекше құрмет тұтатынын жеткізді.
Жүздесу аясында қонақтар университет кампусын аралап, Farabi Hub, суперкомпьютер, робототехника орталықтары және басқа да зертханалардың жұмысымен танысты. Шара соңында қос университет өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойып, нақты іс-шаралар жоспарын әзірлеу туралы уағдаласты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

