ҚЫТАЙ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫFarabi University

ҚЫТАЙ КӘСІПОРЫНДАРЫНЫҢ ӨКІЛДЕРІ ҚАЗҰУ-ДЫҢ ҒЫЛЫМИ ӘЛЕУЕТІМЕН ТАНЫСТЫ

8 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қытай Халық Республикасының Шэньси провинциясынан келген кәсіпорындар делегациясымен кездесу өтті.

          Кездесу барысында ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Ибраимов университеттің халықаралық байланыстары, ғылым мен білім саласындағы жетістіктері және жүзеге асырылып жатқан жобаларына тоқталды. Қытай делегациясы Farabi HUB инновациялық орталығында болып, университетте іске асырылып жатқан заманауи стартаптар мен ғылыми-инновациялық жобалардың экожүйесімен танысты. Делегация мүшелері робототехника зертханасының, Жерді қашықтықтан зондтау ұлттық орталығының, суперкомпьютерлік кешеннің жұмысын көріп, университеттің цифрлық және ғылыми-инженерлік әлеуетіне жоғары баға берді. Сонымен қатар, қонақтар ҚазҰУ-дың дәрілік өсімдіктер орталығына барып, дәрілік шөптер мен биологиялық белсенді заттарға негізделген жаңа ғылыми-зерттеу өнімдерімен танысты.

          Қытай делегациясының құрамында Шэньси провинциясының жетекші кәсіпорындары мен ұйымдарының өкілдері болды. Олардың арасында стартаптарды қолдау және инвестиция тартуға маманданған инновациялық платформа – TusStar, бағдарламалық жасақтама әзірлеу саласында жұмыс істейтін жетекші IT-компания – Shaanxi Tiancheng Software, халықаралық сауда және логистика саласында маманданған Xi'an Yisheng Import & Export Trading Co., Ltd., табиғи өнімдер мен биотехнология саласында қызмет атқаратын Shaanxi Guotai Deepure Trading Co., Ltd., сондай-ақ медициналық жабдықтар мен фармацевтикалық өнімдер өндіруші ірі кәсіпорын – Shaanxi Medical Industry Co., Ltd. болды.

          Тараптар өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін нақты ұсыныстар мен бастамаларды талқылап, ғылым, технология, инновация және білім беру салаларында бірлескен жобаларды іске асыруға ниет білдірді.

          Бұл бағыттағы зерттеулер табиғи ресурстарды тиімді пайдалану, фармацевтика және биотехнология салаларындағы әріптестіктің негізі бола алады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызыметі