ҚазҰУ-да абайтанудың жаңа бағыттары сараландыFarabi University

ҚазҰУ-да абайтанудың жаңа бағыттары сараланды

9 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 10 тамыз – Абай күніне және ұлы ойшылдың 180 жылдығына орай «Адамзаттың Абайы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік мәжіліс өтті. Алқалы жиынға отандық және шетелдік абайтанушы ғалымдар, әдебиеттанушылар, ғылыми-зерттеу институт өкілдері,  ЖОО докторанттары мен магистранттары және БАҚ өкілдері қатысты.

Шара ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты мен Фараби кітапханасы бірлесіп ұйымдастырған кітап көрмесінен бастау алды.

Мәжілісті оқу ордасының Басқарма мүшесі – ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Марғұлан Ибраимов ашып, Абайдың рухани мұрасының маңыздылығы мен университет қабырғасында атқарылып жатқан ғылыми-мәдени іс-шараларға тоқталды. Проректор университет биылғы мерейтойға тыңғылықты дайындықпен келіп, бірнеше маңызды жобаларды жүзеге асырғанын атап өтті.

Сонымен қатар абайтану саласында атқарылған ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелері жайлы ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры Жанғара Дәдебаев кеңінен баяндады. Профессор ақынның рухани, тарихи және әдеби мұрасының маңызын терең талдай келе, Абайдың 180 жылдығы аясында дайындалған жаңа басылымдармен таныстырды. «Институттың ғылыми қызметінің нәтижесінде бірқатар басылымдар «Қазақ университеті» баспасынан жарық көріп, оқырманға жол тартты. Олар:  «Адамзаттың Абайы» ғылыми монографиясы, «Абай институты» ғылыми-ақпараттық жинағы және «Абай және Тәкен» зерттеу еңбегі», – деді абайтанушы. Жиында аталған басылымдар қатарында Жанғара Дәдебаевтың «Қазақ әдебиетінің тарихы» еңбегінің де тұсауы кесілді.

Айта кетсек, осыған дейін Абай ҒЗИ-да «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» 50 томдығы, «Абайтану антологиясы» 10 томдығы дайындалып, басылып шықты. Сонымен қатар «Абай кісілік кодексі» көпшілікке ұсынылып, «Абай ілімі» оқу пәні енгізілді. Ал ғылыми орта аталған шығармашылық өнімдерді ҚазҰУ-дың зияткерлік бренді деп бағалады.

Сондай-ақ басқосуда институттың жетекші ғылыми қызметкерлері – профессор Дандай Ысқақұлы «Абай мұрасы және сөз энергиясы» тақырыбында сөз сөйлесе,  профессор Қансейіт Әбдезұлы Абайдың: ұлы ақынның терең философиялық поэзиясына  талдау жасады.

Бұдан бөлек жиынға Қырғызстанның ҰҒА Ш.Айтматов атындағы Тіл және әдебиет институтының директоры Абдылдажан Ахматалиев, Баку славян университетінің профессоры Низами Мамедов, қазақстандық белгілі ғалымдар М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының профессорлары – Қанипаш  Мәдібай, Гүлзия Пірәлі, Назарбаев университетінің профессоры Айгүл  Ісмақова, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры Рахымжан  Тұрысбек және өзге де белгілі тұлғалар қатысып, ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиылғандар Абайдың рухани мұрасын терең түсіндіруге, оны қазіргі заманмен сабақтастыра зерделеуге баса назар аударды. Абайтану ғылымының өзекті мәселелерін де жан-жақты талқылап, жаңа ғылыми тұжырымдар мен зерттеу бағыттары қарастырылды.

 

 Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі