АБАЙДЫҢ 180 ЖЫЛДЫҒЫНА АРНАЛҒАН КІТАП КӨРМЕСІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әл-Фараби кітапханасында Ұлы Абайдың 180 жылдығына арналған «Абай Құнанбайұлының шығармашылық мұрасы және ілімі» атты кітап көрмесі өтті.
Тағылымды шара Абай Құнанбайұлының өмірі мен шығармашылық мұрасын кеңінен насихаттау, кітапхана қорындағы сирек басылымдарды, ақын жайлы зерттеулер мен әдеби еңбектерді көпшілікке ұсыну мақсатында ұйымдастырылды. Сонымен қатар көрме жұмысы жас ұрпақтың рухани дамуына, тәлім-тәрбие алуына ықпал етіп, болашақ зерттеушілерге бағыт-бағдар беруге бағытталды.
Кітап сөрелеріне Абай еңбектерінің 1943, 1946, 1950 жылдардағы алғашқы басылымдары, мерейтойлық жинақтар және ақын шығармашылығына арналған ғылыми зерттеулер қойылды.
Кітапхана қорынан алынған құнды басылымдар негізгі 6 бөлімге топтастырылды. Атап айтқанда, «Абайдың шығармашылық мұрасы және ілімі», «Абайдың қара сөздері және оның зерттеулері», «Абай әлем тілдерінде», «Абайтану», «Абай жолы романы» және «Әлем таныған дана Абай».
Әр бөлімде Абайдың әдеби, философиялық және педагогикалық мұралары, сондай-ақ оның шығармаларын әлем тілдеріне аударуға арналған еңбектер қамтылды. Мәселен, «Абайдың қара сөздері және оның зерттеулері» бөлімінде оның дүниетанымы мен қоғамдық көзқарастары терең зерттелген еңбектер мен талдаулар арқылы ұсынылды. «Әлем таныған дана Абай» бөлімінде Абайға берілген халықаралық баға, шетелдік зерттеушілердің пікірі мен ғылыми еңбектері қамтылды.
Сонымен қатар, ҚазҰУ жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының «Абайтану антологиясы» (10 том) және «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» (50 том) топтамалары да оқырман назарына ұсынылды.
Көрме бөлімдері ақын шығармашылығын жан-жақты танытып қана қоймай, келушілерге Абай әлеміне терең бойлауға мүмкіндік берді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


