ҚАЗҰУ-ДА ЖАЗУШЫ БИГЕЛДІ ҒАБДУЛЛИННІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІFarabi University

ҚАЗҰУ-ДА ЖАЗУШЫ БИГЕЛДІ ҒАБДУЛЛИННІҢ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ КЕШІ ӨТТІ

16 тамыз, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде көрнекті жазушы, публицист, әдебиеттанушы, аудармашы Бигелді Қайырдосұлы Ғабдуллиннің мерейтойына арналған «Шабытқа толы 70 жыл» атты шығармашылық кеш өтті.

Мерейлі кешке еліміздің мәдени және ғылыми элитасының өкілдері, мемлекет және қоғам қайраткерлері, жазушылар, әріптестері мен шәкірттері қатысты.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевтың мерейтой иесіне арналған құттықтауын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы табыстады.

«Сіз – ұлт руханиятында өзіндік орны бар көрнекті жазушы, кәсіби журналист, аудармашы ретінде мойындалған тұлғасыз. Кітаптарыңыз кеңінен таралып, әлемнің түрлі тілдеріне аударылып, мазмұнды туындыларыңыз арқылы қазақ әдебиетін жаңа деңгейге көтердіңіз. Сонымен қатар, қазақ әдебиетінің көрнекті өкілдері – Ғабит Мүсірепов, Қажымұрат Рахимов, Қабдеш Жұмаділов, Тұрсын Жұртбай, Тұрысбек Сәукетаев сынды қаламгерлердің шығармаларын орыс тіліне аударып, ұлттық әдебиетіміздің таным аясын кеңейтуге елеулі үлес қостыңыз.

Журналистика саласында да өзіндік қолтаңба қалыптастырып, қоғамдық пікірге серпін берген өткір мақалаларыңызбен кеңінен танылдыңыз. АҚШ-тың беделді басылымдарында жарық көрген материалдарыңыз – халықаралық деңгейдегі кәсіби тәжірибеңіз бен таным көкжиегіңіздің айқын көрінісі» – делінген Ректордың құттықтау хатында.

Шараның модераторы – Қазақстан Жазушылар одағы Басқармасының Төрағасы, жазушы, публицист, қоғам қайраткері Мереке Құлкенов қаламгердің ұлт әдебиетін дамытудағы өлшеусіз еңбегіне тоқталды.

Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалдының құттықтауын Алматы қаласы Мәдениет басқармасының басшысы Ғани Майлыбаев  табыстап, мерейтой иесінің ел руханияты мен мәдениетінің дамуына қосқан зор үлесін атап өтті.

Генерал-майор, ҚазҰУ түлегі Айтқали Есенқұлов жазушының кәсіби шеберлігі, азаматтық ұстанымы мен отаншылдығын ерекше атап өтіп, оны жастарға үлгі етті.

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ТҮРКСОЙ Жазушылар одағының төрағасы, көрнекті ақын, журналист Ұлықбек Есдәулет мерейтой иесімен арадағы ұзақ жылғы достығы мен шығармашылық байланысына тоқталып, жазушының әдеби стилінің өзіндік ерекшелігі мен шығармаларындағы терең философиялық мазмұнды атап өтті.

Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын, сценарист, прозашы Бақытжан Қанапиянов өз сөзінде Бигелді Қайырдосұлының аудармашылық шеберлігіне ерекше мән беріп, оның арқасында әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары қазақ оқырманына жақындай түскенін айтты.

Кеш соңында сөз алған мерейтой иесі – Бигелді Ғабдуллин жазушы жолы – бұл қоғамға қызмет ету, тілді, мәдениетті және рухани құндылықтарды сақтау жолы екенін атап өтіп, ұйымдастырушыларға, қатысушыларға және ҚазҰУ университетіне шынайы ризашылығын білдірді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі