ҚАЗҰУ ҒАЛЫМДАРЫ ШЫҒЫС ПАМИРДЕ БІРЛЕСКЕН ЗЕРТТЕУЛЕР ЖҮРГІЗУДЕ

2024 жылдың мамыр айынан бастап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Орталық Азияны зерттеу жөніндегі археозоологиялық орталық – ZooStan» алғашқы қазақ-француз ғылыми орталығы жұмыс істеп келеді.
Бұл халықаралық жоба ҚазҰУ ғалымдары мен Францияның жетекші ғылыми мекемесі — CNRS бірлесіп жүзеге асырып жатқан ынтымақтастық нәтижесі. Жоба Қазақстан, Франция және АҚШ ғалымдарын біріктірді.
Зертхана 11 ғалым адам мен жануарлардың эволюциясын, жануарлардың қоғам дамуына ықпалын, сондай-ақ экстремалды табиғи жағдайлардағы адам қоныстануын зерттейді. ZooSTAn зертханасы алғашқы бір жыл ішінде халықаралық экспедициялар ұйымдастырып, еуропалық ірі жобаларға қаржыландыру тартты және 2025 жылы Францияда археологиялық мектепті жүзеге асыруда.
2018 жылдан бері халықаралық ғалымдар тобы Шығыс Памирде кешенді зерттеулер жүргізіп келеді. Осы уақыт ішінде жаңа археологиялық ескерткіштер табылып, мол ғылыми материал жиналды. Қазіргі таңда зерттеулер Францияның Ұлттық ғылыми-зерттеу агенттігі (ANR) қаржыландырып отырған PaleoCALM жобасы аясында жалғасуда. ZooSTAn зертханасының (CNRS–ҚазҰУ) ғылыми қызметкері С.В. Шнайдердің айтуынша, бұл жоба Орталық Азиядағы мал шаруашылығының пайда болу тарихын зерттеуге бағытталған.
Зерттеулер үш негізгі бағыт бойынша жүргізілуде: археология, палеоботаника және геоморфология. Археологтар С.В. Шнайдердің жетекшілігімен мал шаруашылығының алғашқы іздерін анықтауда. Палеоботаниктер — А. Анридің (Кот-д’Азюр университеті, Франция) жетекшілігімен соңғы 10 мың жылдағы Шығыс Памирдің өсімдіктер жамылғысын қалпына келтіруде. Ал геоморфологтар — В. Ринтеркнехттің (CEREGE, Франция) басшылығымен мұз басу кезеңдерінің хронологиясын зерттеп жатыр.
Аталған зерттеулер аймақтың көне тарихына жаңаша қарауға мүмкіндік беріп, халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың бірегей алаңын қалыптастыруда. Бұл өз кезегінде ҚазҰУ-дың Орталық Азиядағы жетекші зерттеу университеті ретіндегі беделін нығайта түседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі