ҚАЗҰУ-ДА КОНСТИТУЦИЯ КҮНІНЕ АРНАЛҒАН МЕРЕКЕЛІК ШАРА ӨТТІ

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Алматы қаласы, Бостандық ауданы әкімдігімен бірлескен Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Іс-шара барысында Конституцияның еліміздегі құқықтық жүйені қалыптастырудағы рөлі мен тарихи маңызы айтылып, қонақтар арнайы дайындалған концертті тамашалады.
Салтанатты жиынға аудан тұрғындары, оқу ордасының оқытушылары мен студенттері жиналды.
Шараны Алматы қаласы Бостандық ауданы әкімінің міндетін атқарушы Сәкен Аралбаев ашты. «Конституция – Тәуелсіз мемлекетіміздің берік іргетасы, әрбір азаматтың құқығы мен еркіндігінің кепілі. Ол еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің, демократия мен заң үстемдігінің басты тірегі», - деді Сакен Аралбаев.
Сөз соңында аудан басшысы білім, денсаулық сақтау, құқық, құрылыс, төтенше жағдай саласында елеулі еңбек етіп жүрген бірқатар мамандарды Алғыс хатпен марапаттады.
Өз кезегінде ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – Бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, оқу орнының құқық және заң саласында білікті мамандарды даярлаудағы рөліне ерекше тоқталды.
Іс-шара соңы патриоттық әндерден құралған мерекелік концертпен жалғасты.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
