
Құрметті оқытушы-профессорлар, студенттер, магистранттар мен докторанттар!
Сіздерді 1 қыркүйек – Халықаралық Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Білім – адамзаттың ең үлкен құндылығы және елдің өркендеуі мен дамуының негізі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Білім – бұл әрбір адамның жеке дамуы мен мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ететін басты құндылық. Қазақстандық жас ұрпақ – болашағымыздың кепілі, және біз оларға қолдау көрсетуді, сапалы білім беруді әрі ғылыми әлеуетті арттыруды міндетіміз деп білеміз» деген болатын. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті осы игі мақсаттарды іске асыруға елеулі үлес қосатын еліміздегі көшбасшы білім ордасы. Қазіргі таңда университетіміздің Ыстамбұл мен Бішкек қалаларындағы филиалдарымен қатар, Омбыда да жаңа филиалымыз ашылып, онда да жастар сапалы білім алуда. Сонымен бірге, Ресейдің МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университеті мен Қытайдың Солтүстік Батыс университетінің филиалдары ҚазҰУ базасында табысты жұмыс істеуде.
Бұл университетіміздің халықаралық байланыстарының жаңа деңгейге көтерілуінің нақты көрсеткіші. Әріптестік байланыстар мен серіктестіктер университетіміздің халықаралық беделін нығайтып, отандық білім мен ғылымның өркендеуіне тың серпін беруде. Нәтижесінде қазақстандық және шетелдік инвесторлардың қолдауымен жаңа ғылыми зертханалар, жасанды интеллектке негізделген инновациялық орталықтар ашылып, заманауи зерттеу инфрақұрылым қалыптасуда. Сонымен қатар, ҚазҰУ құрылысының екінші кезеңін іске асыру аясында, қалашық аумағында жаңа жатақханалар мен оқу корпустары салынуда. Ғалымдарымыз еліміздің ғылыми әлеуетін арттыруға және отандық ғылымды дамытуға үлкен үлес қосып келеді. Жаңа білім бағдарламалары мен ғылыми жобаларымыз еліміздің халықаралық беделін арттырып, жас ғалымдардың шығармашылық әлеуетін арттыруға жол ашады. Биылғы жаңа оқу жылында бакалавриатқа мемлекеттік білім беру гранты бойынша университетімізге – 4014 адам, ақылы негізде – 2611 адам қабылданды. Оның ішінде «Алтын белгі» иегерлері –116 адам, халықаралық олимпиада жүлдегерлері – 27 адам. Инклюзивті технологияларды пайдалана отырып оқитын мүмкіндігі шектеулі жандардан – 19 адам. Биыл университетіміз 2500-ге жуық шетелдік студенттермен толықты. Мемлекеттік білім беру гранты негізінде 1000-нан астам магистрант, 514 докторант ҚазҰУ-ға оқуға түсті. Жалпы алғанда бүгінге дейін 2025–2026 оқу жылы бойынша әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне барлық деңгейлер мен құрылымдық бөлімшелер бойынша 11 530 адам оқуға қабылданды. Университетіміздің Ыстамбұл, Бішкек, Омбы қалаларындағы филиалдарына және Ресейдің МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университеті мен Қытайдың Солтүстік Батыс университетінің ҚазҰУ филиалдарына талапкер қабылдау әлі де жалғасуда.
Тәуелсіз еліміздің болашағы – білімді ұрпақтың қолында. Ұлы ойшыл Әл-Фарабидің «Ісім оңсын десеңіз, сол істің маманы болыңыз» – деген қағидасын ұстанып, ізденіс жолында үлкен жетістіктерге жететіндеріңізге сенімдімін. Жаңа, әділетті Қазақстанды бірге қалыптастырып, білім мен ғылымды өркендете берейік.
Жаңа оқу жылында Сіздерге мықты денсаулық, отбасыларыңызға құт-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін!
Құрметпен,
Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,
Әл-Фараби атындағы Қазақ
ұлттық университетінің
Басқарма Төрағасы – Ректор
Басқа жаңалықтар

