Болгария мен Орталық Азияның мәдени байланыстары талқыланды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Мәдениетаралық диалог: Болгария мен Орталық Азия елдерінің өзара тоғысатын тұстары» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
Шараның мақсаты – Болгария мен Орталық Азия елдерін байланыстыратын тарихи-мәдени әсерлерді талдау, қазіргі мәдени алмасу формаларын зерттеу және болашақта ынтымақтастықты нығайту жолдарын анықтау.
Аралас форматта өткен жиынға университет басшылығы, Қазақстан, Болгария, Өзбекстан және Түрікменстанның белгілі ғалымдары, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен әлемнің басқа да жоғары оқу орындарының оқытушылары мен студенттері қатысты.
Жиында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсенов сөз сөйлеп, дөңгелек үстелдің маңызын атап өтті. Бұл пікір алмасу, бірлескен ізденістер мен академиялық байланыстарды нығайту арқылы мәдениетаралық диалог пен өзара түсіністікті кеңейтуге септігін тигізетінін жеткізді.
«Қазақстан мәдениетаралық өзара әрекет пен өркениеттер диалогына ерекше мән береді. Болгария дәстүрлер мен жаңғырту үдерістерін үйлестіру жолдарын талқылауда маңызды серіктес болып табылады. Өзбекстан мен Түрікменстанның бай мәдени мұрасы біздің талқылауымыздың көпқырлылығы мен пәнаралық сипатын арттырады. Жаhандық сын-қатерлер жағдайында мәдениет пен білім мәдениеттерді жақындастыруды қамтамасыз ететін құрал болатынына сенімдіміз. Болгария мен Орталық Азия елдерінің түйіскен нүктелерін талқылау арқылы біз тек ортақ тарихи өткенді ғана емес, сондай-ақ бірлескен болашақ мүмкіндіктерін іздейміз», – деді бірінші проректор.
Сондай-ақ дөңгелек үстел барысында Софиядағы Қасиетті Климент Охридский атындағы университеттің оқу жұмысы жөніндегі проректоры, доктор, профессор Мадлен Данова, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымының докторы, профессор Айнұр Құрманалиева, Софиядағы Қасиетті Климент Охридский атындағы университеттің классикалық және жаңа филология факультетінің деканы, PhD, профессор Гергана Петкова және басқалар сөз сөйлеп, өз пікірлерін ортаға салды.
Жиынды философия және саясаттану факультетінің деканы, философия ғылымының кандидаты, доцент Бекжан Мейірбаев жүргізді.
Дөңгелек үстел жұмысы барысында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультеті, шығыстану факультеті және халықаралық қатынастар факультетінің оқытушылары, Софиядағы Қасиетті Климент Охридский атындағы университеттің ғылыми делегациясы, Бұхара мемлекеттік университетінің онлайн-қатысушылары және Махтымқұлы атындағы Түрікмен мемлекеттік университетінің өкілдері арасында ғылыми пікірталас ұйымдастырылды.
Бұл жиын Дінтану және мәдениеттану, сондай-ақ Жалпы және қолданбалы психология кафедраларының ұйымдастыруымен 2025 жылдың 2-9 қыркүйек аралығында өтетін Қазақстан тарихы мен мәдениеті этномәдени практикасы аясында өткізілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


