ҚазҰУ мен «Юань Чжэнь» компаниясы ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында ынтымақтастық орнаттыFarabi University

ҚазҰУ мен «Юань Чжэнь» компаниясы ұшқышсыз ұшу аппараттары саласында ынтымақтастық орнатты

3 қыркүйек, 2025

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен «Юань Чжэнь» инвестициялық және даму компаниясы арасында ұшқышсыз ұшу аппараттарын (ҰҰА) әзірлеу, өндіру және енгізу саласындағы ынтымақтастық жөніндегі келісімге қол қойылды.

Маңызды келісімге қол қою және құжаттармен алмасу рәсімі Бейжің қаласында өткен Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысы аясында өтті. Құжатқа Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев және  «Юань Чжэнь» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Инвестициялық және даму компаниясының Бас директоры Тан Цзюлун қол қойды.

2024 жылы Қазақстанда құрылған «Юань Чжэнь» компаниясы ҰҰА саласын «білім – ғылым – өндіріс – сату» қағидатына негізделген интеграциялық үлгі бойынша дамытып келеді. ҚазҰУ-мен бірлескен консорциум аясында кадр даярлау, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстар (ҒЗТКЖ), сериялық өндіріс пен халықаралық нарыққа шығу бағытында жүйелі жұмыстар атқарылады.

Қытайда аталған компания Shaanxi Overseas Investment Group, Xi’an Aviation Investment Future Development Group, сондай-ақ Солтүстік-батыс политехникалық университетінің Азаматтық авиация институтымен серіктестік орнатқан.

Бастапқы инвестиция көлемі 5 миллиард юаньды (CNY) құрайды. 2027 жылға қарай бірнеше ҰҰА үлгісінің жаппай өндірісі іске қосылып, халықаралық стандарттарға сай сынақ орталығының ашылуы жоспарлануда. Негізгі нарықтар – Орталық Азия, Таяу Шығыс және Шығыс Еуропа елдері.

Бұл жоба жоғары білімнің интернационалдануына, академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың кеңеюіне, халықаралық тәжірибе алмасуға және бірлескен білім беру мен зерттеу бастамаларын жүзеге асыруға жол ашады.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті үшін бұл – халықаралық деңгейдегі заманауи ғылыми-білім беру хабын қалыптастыру бағытындағы кезекті маңызды қадам.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі