ҚазҰУ мен Қытай арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілдіFarabi University

ҚазҰУ мен Қытай арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілді

3 қыркүйек, 2025

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына ресми сапары аясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығын ашу рәсімі өтті.

Бұл маңызды келісім Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Қытайдың жетекші жоғары технологиялық компаниясы – Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. арасындағы стратегиялық әріптестіктің нәтижесі болып табылады.

Рәсім Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Бейжіңдегі Қазақстан-Қытай іскерлік кеңесінің отырысы аясында өтті.

Айтулы шара барысында ашылу рәсіміне Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев пен Jiangsu Huibo Robotics Technology Co., Ltd. (Қытай) компаниясының өкілі Ли Вэнь (Li Wen) ханым қатысты.

Тараптар ортақ ынтымақтастықты одан әрі тереңдетуге және ғылым мен білім саласындағы өзара тиімді жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға ниетті екендіктерін растады. Сонымен қатар бұл орталық болашақта білім, зерттеу және инновация саласында ірі кластерге айналады деген сенім білдірді.

Салтанатты бөлім барысында Институт пен Робототехника орталығы туралы арнайы бейнеролик көрсетілді. Орталық KazNU Hub аумағында орналасқан және жалпы ауданы 600 шаршы метрді құрайды. Жобаға салынған инвестиция көлемі – 2 500 000 АҚШ доллары. Қазіргі таңда орталықта 13 заманауи робот орнатылған.

Институтта бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейлерінде «Робототехника», «Мехатроника», «Жасанды интеллект» және «Заттар интернеті» (IoT) бағыттары бойынша бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жүзеге асыру жоспарлануда.

Сондай-ақ ғылыми-зерттеу жұмысы да негізгі басымдықтардың бірі болмақ. Мамандар өндірістік, сервистік және білім беру роботтары салаларында зерттеулер жүргізіп, өндірісті автоматтандыру мен ақылды басқару жүйелерін жасауға үлес қоспақ. Бұдан бөлек, жоба аясында стартаптар мен инновациялық компаниялар құрылады.

Бұл бастама Қазақстанның цифрлық даму жолындағы маңызды қадамына айналып, елдің халықаралық инновациялық кеңістіктегі орнын нығайтуға серпін бермек.

​​​​​​​

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі