Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына ЖолдауыFarabi University

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауы

8 қыркүйек, 2025

ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ДАМУ БАҒЫТЫ: ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ АТОМ ЭНЕРГЕТИКАСЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың биылғы халыққа арнаған Жолдауынан ғылым-білім және инновациялық даму тұрғысынан үлкен маңызға ие бірнеше бағытты атап өтпекпін. Онда ғылым-білімді жетілдіру, инновациялық даму, цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу, ядролық энергетика, сондай-ақ парламенттік реформа енгізу сияқты аса маңызды бастамалар көтерілді.

Бұл бағыттардың барлығы Қазақстанның ұзақ мерзімді ұлттық мүдделеріне қызмет етіп, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, жаңа технологияларды игеруге және халықаралық деңгейде беделін нығайтуға жол ашады.

 

Парламенттік реформаны талқылау – қоғамның ортақ міндеті

Мемлекет басшысының парламенттік реформа мәселесін қайта көтеруі еліміздің саяси жүйесіндегі маңызды кезеңдердің бірі болып отыр. Бұл бастама – бұрынғы өзгерістердің заңды жалғасы әрі әділетті Қазақстан құру жолындағы стратегиялық қадам. Шын мәнінде соңғы жылдары елде ауқымды саяси реформалар жүзеге асырылды. 2022 жылғы референдум нәтижесінде «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы халық тарапынан кең қолдау тапты. Бұл қағидат еліміздің саяси даму бағытын айқындап берді. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтып өткендей, реформалар – бір жолғы шара емес, қоғамның сұранысына сәйкес ұдайы жүретін үдеріс.

1995 жылы құрылған Сенат отыз жыл ішінде көптеген маңызды шешімдердің қабылдануына ықпал етіп, реформалардың кепіліне айналды. Алайда қазіргі жағдайда саяси мәдениеттің өсуі, қоғамның демократиялық сана-сезімінің артуы, мемлекеттік басқару жүйесінің жетілуі үшін парламенттік реформаны жалғастыру қажеттігін көрсетіп отыр. Жаңа бастама Қазақстанның саяси жүйесін кезең-кезеңімен жаңғыртуға бағытталған.Елді демократияландыру жолында жаңа серпін беріп, халықтың мемлекеттік институттарға сенімін одан әрі нығайтады. Парламенттік реформаны талқылау тек саяси элитаның емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті. Өйткені ол еліміздің болашағына, кейінгі ұрпақтың саяси мәдениетіне тікелей әсер етеді.

Президент асығыстыққа жол берілмеуі керектігін атап өтті. Себебі бұл реформа тек техникалық өзгеріс емес, мемлекеттің саяси құрылымын түбегейлі қайта қарастыру. Сондықтан оның әрбір қыры азаматтық секторда, сарапшылар ортасында, қазіргі Парламентте жан-жақты талқылануы тиіс. Бір жылға жуық уақыт бөлу ұсынысы да осыдан туындап отыр. Бұл тәсіл «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидатының нақты көрінісі. Яғни, саяси шешімдер жабық түрде емес, қоғамның пікірін ескере отырып қабылдануы қажет. Билік пен халық арасындағы сенімді нығайтудың ең дұрыс жолы – осы.

          Бір палаталы жүйенің артықшылықтарына тоқталсақ, ең алдымен заң шығару үдерісі жеделдейді. Қос палаталы құрылымда заң жобалары ұзақ талқылаудан өтеді, ал бір палаталы жүйе бұл процесті жеңілдетеді. Парламенттің ықпалы артады. Бір ғана палата халықтың саяси еркін тікелей білдіретін негізгі органға айналады. Екі палатаны ұстауға кететін қаржы ресурстары қысқарады. Егер Парламент тек партиялық тізім бойынша сайланатын болса, саяси партиялардың рөлі күшейіп, қоғам мен билік арасындағы байланыс нығаяды. Парламент халыққа жақындайды.

Президент ұсынған бастама – Қазақстанның саяси дамуындағы жаңа кезеңнің бастамасы. 2027 жылы жалпыұлттық референдум өткізу халықтың пікірін ескерудің демократиялық жолы. Бұл шешім мемлекеттің тағдырын тек қоғаммен бірге айқындауға деген ұстанымды көрсетеді.

Егер реформа жүзеге асса, Қазақстан саяси жүйесінде жаңа сапалық деңгейге көтеріледі. «Әділетті Қазақстан» идеясын нақты іске асырып әрі халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін одан әрі күшейтетін қадам.

 

Министрлік құру – уақыт талабы

Президенттің Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы ұсынысы да уақыт талабынан туған шешім. Қазіргі әлемде цифрлық технологиялар тек экономиканы емес, бүкіл қоғамды жаңғыртудың басты факторы. Әсіресе жасанды интеллект, үлкен деректер, платформалық экономика секілді бағыттар бәсекеге қабілеттіліктің жаңа өлшеміне айналды. Осы орайда, жаңа министрліктің құрылуы бірнеше артықшылық береді. Атап айтқанда, біріншіден, салаға басымдық беру арқылы цифрландыру жеке құрылым ретінде дамып, стратегиялық маңызға ие болады. Екіншіден, премьер-министрдің орынбасары деңгейінде басқарылуы саяси салмақты күшейтіп, шешімдердің жедел қабылдануына ықпал етеді. Үшіншіден, жасанды интеллектіні жаппай енгізу өндірістің өнімділігін арттырады. Экономикалық серпін тудырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Ең бастысы, халыққа тигізетін пайдасы мол. Жаңа технологиялар ашықтықты арттырып, азаматтар мен мемлекет арасындағы байланысты жеңілдетеді.

Сонымен қатар бұл бастама тек инфрақұрылымдық емес, кадрлық әлеуетке де байланысты. Сондықтан Жолдаудағы ұсынысты жүзеге асыру үшін жас мамандарды даярлау, ғылыми-зерттеу орталықтарын қолдау және халықаралық тәжірибені тиімді пайдалану қажет.

Қазақстанның цифрлық мемлекетке айналуы тек технологиялық емес, саяси, әлеуметтік және мәдени өзгерістерді де талап етеді. Егер бұл бағыттағы шаралар жүйелі түрде жүзеге асса, үш жыл ішінде нақты нәтижеге жетуіміз әбден мүмкін.

Осы орайда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті цифрландыру дәуірінде жасанды интеллект саласын дамытуды стратегиялық басым бағыттарының бірі ретінде айқындап отыр. Нақты айтар болсақ, университетте ақпарттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылды. Жасанды интеллект және Big Data кафедрасы жұмыс істейді. Сонымен бірге Жасанды интеллект ғылыми-зерттеу институты құрылды. Криптология және киберқауіпсіздік ғылыми-зерттеу институты жұмыс істей бастады. Бұдан бөлек, «Жасанды интеллекті бар жоғары жүктемелі ақпараттық жүйелер», «Деректер ғылымы», «Жасанды интеллект», «Интеллектуалды басқару жүйелері», «Бизнес-аналитика және Big Data», «Медицинадағы жасанды интеллект» білім бағдарламалары бойынша мамандар даярлануда. 

Мемлекет басшысы цифрлық дәуірдегі университеттік ғылымды жетілдіру жөнінде де тың бастамалар көтеріп, қоғам дамуына серпін беруде. Жасанды интеллект, озық технология ғылымның дамуынсыз жеке-дара жетіле алмайтыны анық. Осыған орай, университетте бірқатар ғылыми жобалар қолға алынды: «Қазақстанда қоғам өмірінің түрлі салаларында қолдануға арналған, елдің технологиялық жетілуін арттыруға ықпал ететін ұлттық ірі тілдік модельді (LLM) құру» жобасы; «Жасанды интеллект әдістерін қолдана отырып, қазақ тіліндегі киберэкстремизмнің идеологиялық бағыттарын мультиклассификациялау»; «Қазақстандағы әйелдерде сүт безі қатерлі ісігін ерте анықтау үшін жасанды интеллектіні пайдалану»; «Жасанды интеллект көмегімен ми инсультін диагностикалаудың кешенді жүйесі»; «Қазақстан Республикасының заң шығару процесіне заңнаманы оңтайландыру, тиімділігін және ашықтығын арттыру үшін жасанды интеллект құралдарын енгізу»; «Мемлекеттік басқарудағы жасанды интеллект технологиялары: қолдану мәселелері мен перспективалары»; «Блокчейн» доменінің ұғымдық аппаратын интеллектуалды мәтіндік талдау және формалды ұғымдарды талдау арқылы зерттеу: оқыту әдіснамасына басымдық» және басқа да салаларды қамтитын ғылыми жобаларды орындауда. 

Сонымен қатар ҚазҰУ-да жасанды интеллект жобаларына серпін беретін қуаты 2000 Tflops болатын суперкомпьютер орнатылды. Бұл суперкомпьютер ірі көлемді деректерді өңдеуге, күрделі есептерді жылдам орындауға, терең нейрондық желілерді оқытуға және ұлттық ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді. Ол сондай-ақ медицина, биотехнология, геномика, экология, Жерді қашықтықтан зондтау, қала инфрақұрылымын модельдеу және басқа да стратегиялық маңызды салалардағы зерттеулерді қолдауға бағытталған.

Қазіргі таңда ЖИ көмегімен ауылшаруашылық кешені, экологиялық мәселелер мен әлеуметтік-экономикалық және өзге де салалар бойынша жобалар жоспарлануда.

 

Қазақстан – Қытай стратегиялық әріптестігі:

атом энергетикасы мен цифрландырудағы жаңа мүмкіндіктер

Президент  елімізде атом энергетикасын дамытудың стратегиялық маңызына айрықша тоқталды. Мемлекет басшысы «Росатоммен» бірлесіп атом электр станциясының құрылысын бастау –  алғашқы қадам екенін атап өтіп, екінші және үшінші АЭС салуды да қазірден бастап жоспарлау қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ Қытаймен осы саладағы стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол жеткізгенін ерекше атады. Бұл бастамалар еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтып қана қоймай, жаңа технологиялар трансферіне жол ашады. Демек, отандық ғылыми мектептердің дамуын, ядролық инженерия және энергетика бағытында жоғары білікті мамандар даярлауды талап етеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстандағы кешенді аэрогеофизикалық зерттеулер ескірген, сондықтан заманауи цифрлық құралдарды қолдана отырып, жер қойнауының жаңа карталарын жасау қажет. Сонымен қатар халықаралық сарапшыларды тарту геологиялық барлау сапасын арттырып, еліміздің ғылыми әлеуетін күшейтеді. Қазақстан уран қоры бойынша әлемдік көшбасшылардың қатарында. Бұл байлық тек шикізат ретінде емес, бейбіт атомды дамытуда, денсаулық сақтау саласында ядролық медицинаны ілгерілетуде, жаңа жоғары технологияларды енгізуде стратегиялық мүмкіндік береді. Осы тұрғыда кадр даярлау ісі шешуші рөл атқарады. Осы міндеттерді жүзеге асыру мақсатында физика-техникалық факультетінде «Уран ісі» және «Ядролық инженерия» жаңа білім беру бағдарламалары ашылды. Бұл бағдарламалар еліміздің ядролық энергетикасы мен геология саласына қажетті жоғары білікті мамандарды даярлауға бағытталған. Сондай-ақ университет атом энергетикасы мен ядролық физика саласында кадр даярлаудың жетекші орталығы болып саналады. Қазіргі таңда бұл бағытта 455 студент білім алуда. Университет «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ-мен бірлесіп жаңа оқу бағдарламаларын жүзеге асыруда. Студенттер Ресей, Жапония, Корея, Қытайдың жетекші жоғары оқу орындарында қосдипломдық білім алып, CERN ядролық зертханасында тағылымдамадан өтуде.

Таяуда Мемлекет басшысының қатысуымен Қазақ-Қытай іскерлік кеңесінің сегізінші отырысы өтті. Онда екі ел арасындағы сенімді серіктестіктің жаңа қырлары айқындалды. Президент Қытайдың «Бір белдеу – бір жол» бастамасын Қазақстан толық қолдайтынын, бұл жоба еліміздің транзиттік әлеуетін арттырып қана қоймай, жаңа технологиялар трансферіне жол ашатынын атап өтті. Осы процесте ұлттық университеттердің кадр даярлау ісіндегі белсенді рөліне ерекше маңыз берілді. Сарапшылардың болжамы бойынша, 2033 жылға қарай жасанды интеллект нарығының көлемі 5 трлн долларға жетуі мүмкін. Қазақстан да бұл үдеріске белсенді ілесіп келеді. Елде алғашқы суперкомпьютер іске қосылды. ҚазҰУ базасында Huawei орталығы және «Цифрлық технологиялар және робототехника» халықаралық институты мен робототехника орталығы іске қосылды. Мұнда электроника, телекоммуникация, фотоника бағыттары бойынша 749 студент білім алуда.

 

ҚазҰУ-ға 26,5 млн доллар инвестиция құйылды

Қасым-Жомарт Кемелұлы «Инвестиция тарту – орталық атқарушы органдардың ғана міндеті емес. Осы маңызды жұмысқа жергілікті билік те атсалысып, бәрі жұмыла жұмыс істеуге тиіс» деп атап өтті.

Соңғы жылдары университетіміз ғылыми-инновациялық жобаларды жүзеге асыруға және ғылыми-зерттеу инфрақұрылымын дамытуға инвестиция тартуды жандандыра бастады. Халықаралық серіктестермен бірлесе отырып, бірқатар ірі инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға кірістік. Мәселен, Қазақстан – Қытай Жерді қашықтықтан зондтау және пайдалану орталығын құруға 1 млн юань, яғни 140 000 доллар инвестиция тартылды. Бұдан бөлек, Гонконг университеті Орталық Азия тұрақты даму орталығын құруға 1 млн 750 мың АҚШ долларын бөлді. Бұл орталықтар Жерді қашықтықтан зондтау мәліметтерін пайдаланып, экологиялық мәселелер мен табиғи апаттарды зерттеумен айналысады. Дүниежүзілік банктің 450 млн теңге инвестициясының арқасында өндірістік робототехника бойынша біліктілік орталығы бой көтерді. Ал Huibo Robotics компаниясы заманауи робототехника шеберханасын іске қосуға 250 000 доллар тұратын роботтарды сыйға тартты. Хайнань жерсеріктік мәліметтерін зерттеу және пайдалану орталығы Спутниктік жерүсті станциясын құру үшін 3 млн доллар көлемінде демеушілік жасады. Сондай-ақ Корейтану қоры 330 мың доллар көлемінде инвестициялық жоба тарту етті. Жалпы алғанда, соңғы үш жыл ішінде ҚазҰУ қазынасына 26,5 млн АҚШ доллары көлемінде инвестиция құйылды.

 Аталған инвестициялық жобалар университетіміздің үкіметке ғана қарап отырмай, өз бетімен әрекет етудегі белсенділігін көрсетеді.

 

 «Су дипломатиясы» мамандығының

Орталық Азияда баламасы жоқ

Президент еліміздегі су ресурстарының азаюы мен сапасының төмендеуі Қазақстан үшін аса өзекті мәселе екенін атап өтті. Су – тек ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіптің ғана емес, халықтың күнделікті өмірі мен экологиялық тұрақтылықтың негізгі көзі. Сондықтан су секторын кешенді түрде жаңғырту, заманауи технологияларды енгізу, суармалы егіншілікте үнемдеу жүйелерін кеңейту міндеті қойылды. Сонымен бірге трансшекаралық өзендер мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Мемлекет басшысы көрші елдермен өзара тиімді келісімдер негізінде суды ортақ пайдалану тетіктерін жетілдіруді ұсынды. Халықаралық деңгейде су мәселелерін зерттеу орталығын құру жөнінде бастама көтерілді. Бұл қадам Қазақстанның аймақтық су қауіпсіздігі саласындағы жетекші рөлін нығайтуға бағытталған.

ҚазҰУ ғалымдары су ресурстарын басқару және зерттеу бойынша жүйелі жұмыстар жүргізуде. Университетімізде бакалавриат, магистратура, докторантура деңгейінде «Гидрология» мамандары даярлануда. Өткен жылы география және табиғатты пайдалану факультеті мен халықаралық қатынастар факультетінің бірлескен жұмысының нәтижесінде «Су дипломатиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Биылғы оқу жылына «Су дипломатиясы» мамандығына алғашқы магистранттар қабылданды. Бұл бағыттағы жұмыс Қазақстан Республикасының су ресурстарын тиімді басқаруға, су дипломатиясын дамытуға және Орталық Азиядағы трансшекаралық су мәселелерін шешуге білікті мамандар даярлауға өз үлесін қосатынына сенімдіміз. Өйткені бұл бағдарлама – Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда баламасы жоқ білім беру жобасы. Бағдарлама аясында мамандарға метеорология және гидрология, халықаралық қатынастар және әлемдік экономика, халықаралық құқық, дипломатиялық аударма кафедраларының тәжірибелі профессорлық-оқытушы құрамы дәріс береді. Сонымен қатар ҚазҰУ су дипломатиясы саласында ірі халықаралық консорциумға да қатысуда. Жақында Preparing Joint Masters on Water Governance and Water Diplomacy for Shifting the Paradigm for Sustainable Water Action атты Erasmus Mundus Joint Master (EMJM) жобасында ҚазҰУ негізгі серіктес атанды. Бұл консорциумға Венгриядағы Eötvös Loránd университеті, Швециядағы Уппсала университеті, Финляндиядағы Карелия қолданбалы ғылымдар университеті, Қазақстандағы Су шаруашылығы және мелиорация ұлттық университеті, Өзбекстандағы Ташкент ирригация және ауылшаруашылық механизациясы ұлттық ғылыми-зерттеу университеті, Nordic International University, сондай-ақ Central Asia Research Forum Foundation кіреді. Жобаның басты мақсаты – Еуропа мен Орталық Азияның жетекші университеттері арасында студенттердің академиялық мобильділігін арттыру, су ресурстарын басқару және су дипломатиясы бойынша жаңа көзқарас қалыптастыру.

 Қорыта айтқанда, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің тәжірибесі мемлекеттік саясаттың табысты жүзеге асуына нақты үлес қоса алады.

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Басқарма Төрағасы – Ректоры

 

ЕЛДІҢ ТАҒДЫРЫНА ҚАТЫСТЫ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕР АЙТЫЛДЫ

Президент жолдауда әлемдік күрделі геосаяси жағдайға байланысты өз пікірін білдіре отырып, әлемдегі әлеуметтік-экономикалық теңсіздіктер мен қайшылықтарға тоқталды. Біз жаңа дәуірге аяқ басып отырмыз. Кейбір елдердің ЖИ саласында теңдессіз табысқа жетуі экономикалық тұрғыда көшбасшы болудың басты шартына айналды. Осы трендті ескеріп, Мемлекет басшысы жаңадан Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құру туралы шешім қабылдады. Бұйыртса, Қазақстан үш жылда цифрлық ел болуы керек. Барлық салада ЖИ-ді кең қолдану әрі цифрланудың жаңа қарқыны ұстаздар қауымына жаңа құзыреттілікті игеруді талап етеді. Біз жолдаудан ЖИ-дің елдің инновациялық дамуы мен цифрлық дербестігі үшін стратегиялық мәні зор екенін түсіндік.

Президент жолдауында ЖОО-ларға қойылған басты талап – ғылым мен инновацияға негізделген сапалы білім беру. Университеттер еңбек нарығына тікелей жұмыс істейтін, бәсекеге қабілетті мамандарды даярлауға бағытталды. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығы ғылымына байланысты  сын-ескертпелері өзге ғылым салаларына да қатысты. Мәселен, бюджеттен қомақты қаржы бөлініп жатқанына қарамастан, аграрлық ғылымның қайтарымы әлі де төмен болып отыр екен. «Ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру деңгейі 17 пайыздан аспайды. Ал тиісті оқу орындарын бітірген түлектердің 40 пайызы ғана осы салаға жұмыс істеуге барады. Агроғылым мен жердегі тіршіліктің арасында алшақтық бар», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев. Жыл сайын мыңдаған жастар оқу бітіріп шығады. Алайда олардың көбі өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Тез табыс әкелетін салаға ауысып кетеді. ЖОО түлектерінің мамандық бойынша жұмыс істеуі өте маңызды әлеуметтік мәселе.

Мемлекет басшысы су мәселесін шешудің ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде маңызды іс екенін айтып өтті. Су дипломатиясымен айналысатын мамандар керектігіне тоқталды. Су – стратегиялық маңызды ресурс. Оны үнемді қолдану ұлттық идеологияның өзегі болуы тиіс. Жастар арасында мұны түсіндірудің қажеттілігі, оны идеологиялық жұмыстың бір бағыты ретінде қарастыруды ұсынды. Ата-бабаларымыз Ұлы далада отырықшылдықтан гөрі, негізінен, көшпелі шаруашылықпен айналысса да, судың қадірін жақсы білген. Дана халқымыз «Судың да сұрауы бар» деген қанатты сөзді тудырды. Бүгінде су тапшылығы ғаламдық мәселеге айналып отыр.  Экологиялық мәдениет мектеппен қатар, ЖОО-да оқу-тәрбие жұмысының маңызды бір бөлігі болуы тиіс.

Қорыта айтсақ, бүгінгі жолдауда елдің тағдырына қатысты өзекті әрі ауқымды үлкен мәселелер көтерілді. Оның әрқайсысы арнайы талқыланатын әрі жеке түсіндірілетін тақырып.

Жарас Сейітнұр,

психология ғылымының кандидаты,

 Жалпы және қолданбалы психология кафедрасының аға оқытушысы

 

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМҒА ЖАҢА СЕРПІН

Бүгін Мемлекет басшысының жолдауын тыңдай отырып, еліміздің дамуындағы ғылым, білім және инновация саласына ерекше көңіл бөлінгеніне қуандым. Президентіміздің «Еліміз білім экономикасына көшіп жатыр» деген сөзі жоғары оқу орындары үшін үлкен жауапкершілік әрі зор мүмкіндік.

Біз үшін бұл жолдау – жаңа межелерге ұмтылуға шақыру. Университет ұжымымен бірге Президент жүктеген міндеттерді жүзеге асыруға дайынбыз. Әсіресе жастардың ғылыми әлеуетін ашу, озық технологияларды игеру және қоғамға нақты пайдасы бар жобаларды дамыту бағытында белсенді жұмыс жүргіземіз.

Білікті, саналы мамандар – ел болашағының кепілі. Сондықтан біз әр студенттің талантын ашып, елге пайда әкелетін азамат болып қалыптасуына жағдай жасауымыз керек.

Президент жолдауында белгіленген міндеттер – біз үшін жаңа мүмкіндіктердің бастауы. Бірлесіп еңбек етсек, Қазақстанды технологиялық тұрғыдан дамыған елге айналдыра аламыз.

ОМАРОВ Бақытжан Бауыржанұлы,

Басқарма мүшесі-әлеуметтік даму жөніндегі проректор міндетін атқарушы

 

 

ҰЛТҚА БІЛІМДІ ҰРПАҚ ҚЫЗМЕТ ЕТЕДІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына Жолдауындағы Үшінші бағдарда: Ел болашағына арналған стратегиялық инвистиция бойынша маңызды мәселе – білім беру жүйесі екендігі айтылды.

 Білімді ұрпақ – болашақ кепілі болғандықтан ұрпағымызды интеллектуалды, білікті, бәсекеге қабілетті болу бағытында дайындау қазіргі таңдағы басты міндеттер қатарында болғандығын жолдауда нақты көрсетілді. Сондықтан, мектепке дейінгі тәрбие жұмысы басты назарда болуы керек. Балаларды балабақшамен қамтамасыз ету мәселесін түпкілікті шешу қажет. Оған қоса, тәрбиешілердің әлеуметтік мәртебесін арттырып, жалақысын көбейту керек. Орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты. Әділетті Қазақстанды құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша екені сөзсіз. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру үшін көп жұмыс жасалғандығы да басты мәселе ретінде қарастырылды.

Отандық жоғары оқу орындарының білім сапасы артқан сайын ондағы оқу ақысы да өсе түседі. Сондықтан мемлекет ұлттық бірыңғай тестілеудің нәтижесіне және басқа да көрсеткіштерге байланысты білім беру гранттарын әртүрлі деңгейде бөлуді жоспарлау бағыты да қарастырылды. Сонымен қатар маңызды мәселе – студенттерді жатақханамен қамтамасыз ету. Студенттердің жекелеген, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған санаттары үшін пәтер жалдауға кететін шығынын субсидиялау мүмкіндігін де қарастыруға болады. Жоғары оқу орындары жанындағы эндаумент-қорлар білім берудің экожүйесін дамытудың негізгі буынына айналуға тиіс. Қабілетті  де білімді ұрпақты бәсекеге, жетістіктерге жеткізу бағытында дайындай отырып ұлтқа қызмет етуге тәрбиелеу біздің басты міндет екендігін айқындай аламыз. Мемлекет басшысының барлық бастамаларына сенім білдіреміз және қолдаймыз.

 

Хасанаева Л.М.,  т.ғ.к.

 Қазақстан тарихы кафедрасының

қауымдастырылған профессоры,

 

 

ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ – ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ДРАЙВЕРІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі жыл сайынғы Жолдауын тыңдап отырып,  елдің бүгіні мен болашағы туралы ойы, Отанға, елге, ұлттық құндылықтарға деген сүйіспеншілігі бізді бейжай қалдырмады, осындай асыл қасиет әрбір азаматтың да  бойында табылса деген көзқарас оянды. Ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтай отырып, сананы жаңғырту және білімділікке ұмтылуды Президент жолдауынан  жан-жақты қозғап, қазіргі уақыттағы ұлттық сана, таяу жылдардағы міндеттерге қатысты бірқатар мәселе айтылған. «Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекеге қабілетімен айқындалады.  «Прагматизм» - өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз» деуі де Мемлекет басшысының жастарға үлкен бағдар бергені деп білеміз. Студенттерге қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес, керсінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану және үнем іздену көргенділікті көрсетеді деп түсіндірдім. Білімді, көзі ашық, көкірегі ояу болуға ұмтылу – біздің қанымызда бар қасиет. Экономиканың кәсіптік сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама сипаты бұрын-соңды ешбір дәуірде мұншама жедел өзгермеген». Бұл – білім саласындағы жаһандық бәсекеге неғұрлым бейімделген мамандарды даярлау деген сөз. Кез келген білімді жас өмір табалына сай мамандықты өзгертіп, нарықтық экономикаға бейімделу керек. Ең бастысы, болашақтың капиталы білім екендігін түсініп, үнемі ізденіс пен нәтижеге қол жеткізу жағынан жетілдіру уақыт талабы екенін ұққан жөн. Қазақстанның алдына қойған басты мақсаты – халықтың әл-ауқатын арттырумен қатар, елді жаһандық аренада бәсекеге қабілетті мемлекетке айналдыру. Бұл міндетті жүзеге асыру үшін ең алдымен жаңа технологияларды, соның ішінде жасанды интеллектті (ЖИ) кеңінен енгізу қажет. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ технологиялары экономиканың барлық саласына серпін береді:

            •           өндірістің тиімділігін арттырады;

            •           мемлекеттік басқаруды оңтайландырады;

            •           жаңа инновациялық өнімдер мен қызметтердің пайда болуына жол ашады.

Қазақстан үшін бұл – шикізаттық тәуелділіктен арылып, цифрлық әрі инновациялық экономикаға көшуге мүмкіндік. Халықтың әл-ауқаты үшін ЖИ-дің енгізілуі тек экономикада ғана емес, әлеуметтік салада да маңызды рөл атқарады:

            •           Денсаулық сақтау – диагноз қоюдың дәлдігін арттыру, емдеуді жеделдету;

            •           Білім беру – жекелендірілген оқу бағдарламаларын әзірлеу, қашықтан сапалы білім беру;

            •           Қызмет көрсету – мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру арқылы халыққа қолжетімділікті арттыру. Президент атап өткендей, Қазақстан алдағы үш жыл ішінде цифрлы мемлекетке айналуы тиіс. Бұл үшін:

            •           ұлттық ЖИ стратегиясын қабылдау;

            •           заманауи инфрақұрылым мен деректер орталықтарын құру;

            •           IT-мамандарды даярлау жүйесін жетілдіру;

            •           ғылыми-зерттеу мен инновациялық стартаптарды қолдау қажет.

    Білім әр адамның рухани азығы. Жайлы өмір сүру үшін саналық тұрғыдан өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала беретіндігі анық,  сол үшін біз үнемі жетіліп, ізденіп, дамып отыруымыз қажет-ақ. Жасанды интеллект – Қазақстанды бәсекеге қабілетті ел ретінде дамытудың стратегиялық тетігі. Озық технологияларды дер кезінде игеру еліміздің әлемдік көшбасшылар қатарынан орын алуына, ал халықтың тұрмыс сапасының жаңа деңгейге көтерілуіне жол ашады.

Б.ғ.к.,доцент Чунетова Ж.Ж.

 

 

ЭКОЛОГИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРАДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына бағытталған Жолдауы өзекті стратегиялық бағыттарды айқындап, елдің болашағын қалыптастырудағы негізгі мемлекеттік бастамаларды ұсынды. Жыл сайынғы дәстүрлі құжат ретінде бұл жолдау елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын, цифрлық трансформациясын және қоғамдық жаңғыртуды қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл жолдау - Президенттің 8-ші Жолдауы, ал жалпы алғанда, Қазақстан президенттері тарапынан 27 Жолдау жарияланған.

Жолдауында жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық дамуды мемлекеттік басқарудың стратегиялық бағыты ретінде бекітіп, оған арнайы министрлік құрылатынын мәлімдеді. Жаңа министрлік - премьер-министрдің орынбасары деңгейіндегі маман басқаратын сала ретінде қарастырылды. Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев цифрлық дамуды реттейтін «Цифрлық кодекс» қабылдауды жеделдету қажеттігін атап өтті.

Президент Жолдауда әлеуметтік қолдаудың атаулы және проактивті моделіне көшу міндеті қойылды. Мемлекет жыл сайын шамамен 4,5 млн адамды әлеуметтік төлемдермен қамтамасыз етеді. 2025 жылдың 7 айында 6 трлн теңгеден 3,4 трлн теңге төленді - оның ішінде зейнетақылар, мүгедектік, асыраушысынан айырылу бойынша жәрдемақылар қамтылған. Атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындау кезінде отбасылардың кірісі мен шығысы ескерілетіні, медианалық табыс көрсеткіші негізінде скорингтік модель енгізілгені, бұл үрдіс Шымкент пен Қарағанды облыстарында тестіленіп жатқаны айқындалды.

Жолдау сонымен бірге экологиялық бағыттарға да кеңінен тоқталды. Үкімет цифрлық экологиялық бақылауды енгізу, табиғатты қорғау технологияларын жетілдіру және заңнамалық базаны жаңарту шараларын қабылдаған. Ел көлемінде "Таза Қазақстан" экологиялық акциясы ұйымдастырылып, онда 10,4 млн адам қатысты. Экобокс және фандоматтар арқылы қоқыс жинау жүйесі енгізіліп, 129 мектепте экобокс орнатылды. Сондай-ақ Арал теңізінің құрғаған түбіне 48,7 млн сексеуіл көшеттері егілді. Бұл өз кезегінде экологиялық ахуалды жақсартады деп күтілуде.

2025 жылғы 8 қыркүйектегі Жолдау әлеуметтік әділеттілікті нығайту, цифрлық трансформация және экологиялық тұрақтылық салаларын кешенді түрде қамтыған стратегиялық құжат болып табылады. Ол халыққа бағытталған мемлекеттік қолдаудың әділдігі мен тиімділігін арттыруға, цифрлық басқару мен жасанды интеллектіні дамытуға, сондай-ақ экологиялық сана мен жауаптылықты қалыптастыруға маңызды серпін береді.

Г.А. Мейрманова, т.ғ.к.

Археология, этнология және музеология кафедрасының қауымдастырылған профессоры,

 

СУ – СТРАТЕГИЯЛЫҚ РЕСУРС ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ҚАУІПСІЗДІК МӘСЕЛЕСІ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы халыққа Жолдауында ең маңызды тақырыптардың бірі – су мәселесін көтерді.  Бұл ұлттық қауіпсіздік пен тұрақты дамудың басты факторы екені атап өтілді.

Басты мақсат – су үнемдеу мәдениетін қалыптастыру, цифрлық бақылау және жаңа технологиялар енгізу, Каспий теңізі мен басқа су айдындарын сақтау, ауыл шаруашылығында суды тиімді пайдалануды арттыру.

Жолдаудан су мәселесіне қатысты негізгі қорытындылар:

1. Суды пайдалану мәдениеті төмен деңгейде.

Президент табиғи ресурстарды үнемдеп пайдалану мәдениеті бізде қалыптаспағанын ашып айтты. Біз суды тек технологиялардың ескіруінен ғана емес, ойлау тәсілімізден де жоғалтамыз. Мәселені отбасынан бастап, мектептен үйрету қажет. Тұрғындар арасында экологиялық сананы арттыру – бірінші кезектегі міндет.

2. Су шығыны өте көп.

Ескі суару каналдарында судың 50-60%-ы жоғалады. Есепке алу жүйесі ескірген, көптеген су бөлу нүктелері заманауи құралдармен жабдықталмаған. Инфрақұрылымның тозуы – су шығынын азайту үшін суару жүйелерін жаңғырту қажет. Бұл – экономикаға тікелей шығын және экологияға қауіп.

3. Су саласындағы цифрлық революция.

Жасанды интеллекті бар бірыңғай су ресурстарының цифрлық платформасы жасалады. Оның негізінде Ұлттық су балансы қалыптасады, бұл ұзақ мерзімді жоспарлау үшін маңызды қадам.

4. Экология және халықаралық ынтымақтастық.

Президент Каспий теңізінің деңгейі төмендеп бара жатқанын және бұл – үлкен экологиялық қауіп екенін ескертті. Осыған байланысты Қазақстан Каспий теңізін сақтау жөнінде мемлекетаралық бағдарлама ұсынбақ және Шанхай ынтымақтастық ұйымы аясында су мәселелерін зерттеу орталығын құруды жоспарлап отыр. Аймақтық және халықаралық ынтымақтастық – Каспий, Арал, трансшекаралық өзендер бойынша бірлескен шешімдерсіз мәселені шеше алмаймыз.

5. Жетістіктер мен міндеттер.

Солтүстік Аралды құтқару тәжірибесі – үміт сыйлайтын мысал: су айдыны 36%-ға ұлғайды, су көлемі екі есеге жуық артты. Енді осы табысты басқа өңірлерде қайталау қажет.

6. Реформа және технологиялар.

Жаңа Су кодексі қабылданды, Су ресурстары және ирригация министрлігі құрылды. Ауыл шаруашылығында су үнемдеу технологиялары кеңінен енгізілуде – бүгінде олардың қолданылуы 580 мың гектардан асты.

Ғылым мен кадрлар – гидрологтар, су ресурстары мамандары, инженерлердің рөлі артады, жаңа технологиялар мен модельдеу әдістері қажет.

Әр тамшы – маңызды!

Мемлекет тиісті шаралар қабылдауда, бірақ нәтиже – әрқайсымыздың қолымызда. Нақты әрекет, ғылым мен технологияға негізделген шешімдер қажет.

 

Жанар Жаңабаева,

«Метеорология және гидрология» кафедрасының аға оқытушысы

 

ҚАЗАҚСТАН АЛДАҒЫ 3 ЖЫЛДА ЦИФРЛЫҚ МЕМЛЕКЕТКЕ АЙНАЛУЫ КЕРЕК

Жолдауда Президент өте ауқымды міндет қойды: 3 жылдың ішінде Қазақстан цифрлық мемлекетке айналуы тиіс. Бұл – ел дамуының жаңа деңгейін айқындайтын нақты бағдар. Бүгінде цифрлық технологиялар қоғамға дендеп енді – экономиканы да, күнделікті тұрмыстық үдерісте де. Сондықтан дұрыс бағыт – артта қалмау, керісінше, әлемдік үрдістермен қатар алға қадам басу.

Өте маңызды әрі символикалық ұсыныс та айтылды – Жасанды интеллект пен цифрлық дамуға арналған жеке министрлік құру. Мұндай орган күшті бір арнаға тоғыстыруға, мамандарды біріктіруге және нақты жұмыс жүйесін құру үшін қажет. Өйткені цифрландыру дегеніміз тек электронды мемлекеттік қызметтер мен онлайн-қызмет ғана емес. Бұл – медицинадағы жасанды интеллект, өнеркәсіптегі автоматтандыру, білім берудегі жаңа тәсілдер. Егер осының бәрі орталықтандырылып үйлестірілсе, нәтиже әлдеқайда айқын болады. 

Қазірдің өзінде біз цифрлық трансформацияның алғашқы жемісін сезініп отырмыз. Мемлекеттік қызметтердің басым бөлігі онлайн қолжетімді, артық кезек пен қағазбастылық азайып отыр. Жаңа жүйелердің арқасында миллиардтаған теңге көлеңкеден шығарылды, яғни бұл қаражат ел игілігіне жұмыс істей бастады. Бұл – жай ғана абстрактілі сандар емес, бюджет пен қоғам үшін нақты пайда.

Цифрландыру тақырыбы, әсіресе, жастар үшін аса маңызды. Бүгінгі жасөспірімдер мен студенттер жаңа дүниені тез қабылдайды, IT саласында еңбек еткісі келеді, өз жобаларын іске қосуға ұмтылады. Ал мемлекет оларға осыған қажетті құралдарды беруі тиіс. Бұл тұрғыда стартап экожүйесін дамыту, мектептерге жасанды интеллект бойынша сабақ енгізу, жас мамандарды қолдау бағдарламаларын іске асыру – артықшылық емес, шынайы қажеттілік.

Алайда технологиялар өздігінен барлық мәселені шеше алмайды. Ең бастысы – цифрлық сауаттылық. Жаңа сервистер пайдалы болу үшін адамдар оларды қолдана білуі керек. Бұл тек жастарға ғана емес, ересек буынға да, мемлекеттік қызметкерлерге де, мұғалімдер мен дәрігерлерге де қатысты. Егер әркім заманауи құралдарды еркін меңгерсе, цифрландыру шын мәнінде жалпыға ортақ сипатқа ие болады.

Президенттің Жолдауы айқын, нақты бағдар берді: біз жылдам қимылдауымыз керек. Үш жыл – аса ұзақ уақыт емес, сондықтан әрбір министрлік, әрбір құрылым және бүкіл қоғам бұл міндетті шын мәнінде маңызды деп қабылдауы қажет. Әйтпесе жаһандық үдерістерден шет қалуымыз мүмкін. Дұрыс ұйымдастырудың арқасында бұл мақсатқа жетеміз, деді Президент. Бұл орайда Қазақстан инновацияларды жылдам игеріп, енгізе алатынын әлдеқашан дәлелдеді. Енді бастысы – қарқыннан таймау және алға батыл қадам жасау екенін айтты мемлекет басшысы.

Қанат Әуесбай,

журналистика факультетінің деканы

 

ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫМЕН ҮНДЕСКЕН ЖАҢА БІЛІМ БЕРУ БАҒДАРЛАМАЛАРЫ АШЫЛДЫ

8 қыркүйек 2025 жылғы Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің геологиялық барлау саласын дамыту – басты міндеттердің бірі екенін атап өтті.

Президенттің айтуынша, еліміздегі кешенді аэро-геофизикалық зерттеулер ескірген. Заманауи цифрлық құралдарды пайдаланып жер қойнауының жаңа карталарын жасау қажет. Сонымен қатар халықаралық сараптаманы тарту маңызды.

Осы орайда ағымдағы жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде «Уран ісі» және «Ядролық инженерия» атты жаңа білім беру бағдарламалары ашылғанын атап өткім келеді.

Бұл бағдарламалар Қазақстанның ядролық энергетикасы мен геология саласына қажетті жоғары білікті кадрларды даярлауға бағытталып отыр.

Нұрзада Бейсен,

физика-техникалық факультетінің деканы

 

ЖИ ЭКОНОМИКАНЫҢ ЖАҢА ҚОЗҒАЛТҚЫШЫНА АЙНАЛЫП БАРАДЫ

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігін құруды тапсырды. Бұл шешім жаһандық үрдісті айқын көрсетеді: бүгінде ЖИ зертханалық тәжірибеден шығып, энергетика мен көлік сияқты инфрақұрылымдық маңызы бар салаға айналуда.

Халықаралық валюта қорының деректеріне сүйенсек, жасанды интеллект технологияларын енгізу бес жыл ішінде еңбек өнімділігінің орташа жылдық өсімін 1,1%-ға арттыра алады. Дамыған елдер үшін бұл тұтас технологиялық революцияның әсерімен тең. Ал Халықаралық деректер корпорациясының (IDC) болжамынша, әлемдік ЖИ-ға жұмсалатын шығындар 2028 жылға қарай $632 млрд-қа жетеді, ал 2025-2029 жылдар аралығында орташа жылдық өсім шамамен 32% болады.

 ЖИ-дың экономиканың жаңа қозғалтқышына айналып бара жатқандығының тағы бір дәлелі «ЖИ-бумның» символына айналған NVIDIA компаниясын айтуға болады. 2025 жылдың шілдесінде ол әлемде алғаш болып $4 трлн капитализацияға жетті. Бұл – ЖИ модельдерін оқыту мен қолдануға арналған есептеу қуатына жаһандық сұраныстың тікелей көрінісі.

Осы орайда дамыған елдердің де қолға алып жатқан инициативаларына тоқтала кетсек. Бүгінде АҚШ әкімшілігі энергетика мен инфрақұрылымға басымдық беруде. 2025 жылдың 14 қаңтарында ЖИ деректер орталықтарын кепілдендірілген энергиямен қамту туралы жарлық қабылданды. Көршіміз Қытай халық республикасы «төменнен жоғарыға» стратегиясын таңдады. 2024 жылдың соңынан бастап Білім министрлігі мектеп оқушылары үшін ЖИ сауаттылығын арттыру бағдарламаларын енгізді. Кейбір аймақтарда курстар бірінші сыныптан бастап міндетті пәнге айналды. Осылайша, Қытай жасанды интеллектпен жұмыс істей алатын ұрпақты балалық шақтан тәрбиелеуде.

Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, ЖИ саласындағы тиімді саясат үш «тірекке» негізделеді: Инфрақұрылым – деректер орталықтары, энергетика, есептеу қуатына қолжетімділік. Кадрлар – мектептен бастап мамандарды даярлау. Реттеу – бизнес пен қоғам үшін «ойын ережелерін» қалыптастыру. Сондықтан, бүгінгі жолдаудағы жаңа министрлік құруға қатысты Президентіміздің тапсырмасы жоғарыда айтылған үш бағытты бір арнаға тоғыстыру арқылы адами капитал мен инфрақұрылымдық шешімдердің өзара үйлесімділігіне қол жеткізу деп білемін.

Әмірхан Темірбаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

Farabi Supercomputer Center директоры

 

ЕЛІМІЗДІҢ ДАМУ БАҒЫТЫН АЙҚЫНДАЙТЫН ЖОЛДАУ

      Еліміздің келешегі мен бәскелестікке толы даму жолындағы стратегиялық бағыттар мен шаралар аса маңызды. «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы щешу» деп аталатын Жолдауында Президент қазақ елінің индустриалды-инновациялық даму жолында жасанды интеллект немесе цифрлы даму процесінен қалып қоймай, оны меңгеру қажеттігі басты назарда болатынын атап өтті. Арнайы логикалық жүйелер арқылы компьютерлік бағдарламада жүзеге асырылатын, адам интеллектінің жеке аспектісін ұдайы өндіретін техникалық жүйелер немесе жасанды интеллект тек адамзат қоғамын дамытып қана қоймай, әлемдік елдердің даму жолында бәсекелестікке итермелеп отыр. Осы тұрғыдан алғанда  Қазақстан дамыған елдерден үлгі ала отырып, дамушы ел ретінде алға ұмтылуы тиіс. Осы орайда еліміздегі білікті де білімді жастарды қолдау мен өз Отанына қызмет жасайтын жастарды тәрбиелеу мәселесі де назардан тыс қалмады. Әсіресе техникалық мамандықты меңгерген мамандарды ел экономикасына жұмылдыру маңызды мақсаттар санатына жатқызылды.

Бұл дегеніміз білікті мамандарды даярлайтыны орта, кәсіптік және жоғарғы оқу орындарына бағытталған мәселе болып табылады. Біліктілік – тек үздік білім иесі болып қана қоймай, білімді тәжірибемен ұштастыру, ғылыми ізденіп, өз жаңалықтарыңды ашу және тағы басқа іскерлік қабілеттерді дамыту. Сондай-ақ меңгерген білім, игерген дағды мен машықты өмірде қолдану мүмкіндіктерін қарастыру. Сондай маманға сұраныс та болады және ол ел экономикасын өрістетуге тың идеялар қоса алатын, нағыз өз ісінің шебері болмақ. Аталған істе республикасыздарғы барлық білім ошақтары жаппай жұмыс жасауда және оқу процесіне жасанды интеллектіні енгізіп, қоғамның дамуына сай мамандар даярлаудың негізін қалауда.

Сонымен бірге Президентіміз бір палаталы Парламент құру, көші-қон саясатын реттеу, өнеркісіп өндірісін одан ірі жолға қою, аграрлық саланы одан әрі нығайту, банктер қызметін одан әрі жетілдіру, АЭС құрлысының жобасын қолға алу, әлемдік геосаяси жағдайға аса назар аудару қажеттіліктері сынды басты мәселелерді көтерді.

Еліміз үшін аса маңызды, ел іргесін нығайтуға арналған мұндай кезекті Президентіміздің Қазақстан Халқына арналған Жолдауы назардан тыс қалмай, оны талдау мен талқылау, жастарға жеткізу білім ошақтарының басты назарында қала бермек.

Абикенова Г.Е., т.ғ.к.

 Қазақстан тарихы кафедрасының

қауымдастырылған профессоры

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім қабылдады – инновациялық саясатты басқару құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі.

Бұл қадам – инновацияны дамыту ісінде ғылым мен білімді негізгі тірек ретінде мойындаудың айқын көрінісі. Өйткені инновациялық даму – елдің экономикалық қуатын арттырудың, жаһандық бәсекеге қабілетті болудың басты шарты.

Инновация, ғылым және жоғары білімнің бір министрлік аясында тоғысуы келешекте зерттеу университеттерінің, ғылыми орталықтардың және бизнес құрылымдарының өзара тығыз әрекеттесуіне жол ашады. Бұл өз кезегінде ғылыми жобалардың нәтижелерін тәжірибеде қолдануға, технологиялық шешімдердің өндіріске енуіне және ұлттық инновациялық экожүйенің дамуына серпін береді.

Университеттер енді тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен технологияларды жүзеге асыратын орталықтарға айналуы тиіс. Студенттер мен жас ғалымдарға стартаптармен айналысуға, зерттеу жүргізуге, нақты салаға бағытталған инновациялық өнімдер ұсынуға мүмкіндік артады.

Бұл өзгеріс еліміздегі адами капиталдың сапасын арттыруға, кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының сұранысына сай жетілдіруге, академиялық орта мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады.

Инновация – бұл тек жаңа технология емес. Бұл – ойлау жүйесінің, басқару мәдениетінің, экономикалық даму стратегиясының өзегі. Сондықтан бұл саланы ғылым мен жоғары біліммен тығыз байланыстыру – Қазақстанның даму жолындағы маңызды әрі дұрыс шешім.

Гүлжихан Смағұлова,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің доценті

 

ЖОЛДАУДА БІРНЕШЕ ЖАҢА, МАҢЫЗДЫ ҰСЫНЫСТАР ЖАСАЛДЫ

Бүгін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, тарих факультеті ұжымы бірлесе тыңдаған Мемлекет басшысының Қазақстан халқына жаңа жолдауында елдің экономикалық, әлеуметтік, саяси және мәдени дамуы туралы жан-жақты талдау жасалып, міндеттер айқындалды.

Әсіресе, мына түрлі қатерге толы кезеңде көштен қалмай барлық салада цифрландыруды қолға алып, одан әрі дамыту мен жасанды интелектіні пайдалана білу қажеттігіне баса назар аударды. Сөз жоқ бұлар бүгінгі күннің талабы. Сонымен қатар, бірнеше жаңа, маңызды ұсыныстар жасалды.

Олар: "Банк туралы" заң қабылдау, "Алатау сити" цифрлық қаласын салуды тездетіп, ауыл шаруашылық өнімдерін терең өңдейтін "Агрохаб" құру, бір палаталы парламент құру және т.б. Бұлардың барлығы еліміздің жалпы дамуында маңызды орын алады сөзсіз.

 

Т.Ә. Төлебаев

 Дүниежүзі тарихы, тарихнама және

деректану кафедрасының профессоры

 

 

ПРЕЗИДЕНТТІҢ ЦИФРЛЫҚ ЖОЛДАУЫ

Қазақстан Республикасы Президенті Қ-Ж. Тоқаевтың халыққа жолдауын жария етті.

Президент жолдауы геосаяси ахуалға қысқаша шолумен басталды. Кейбір елдердің ішкі-сыртқы саясатында әсіре ұлтшылдық күшейгенін айтты. Батыстың дінаралық, ұлтаралық татулық дәстүрі дағдарысқа ұшыраған.

Президент жолдауы өн бойы цифрландыру мен жасанды интеллект тақырыбын қамтумен болды. Қаупі мен қатеріне қарамастан, жасанды интеллект көзжұма қарауға болмайтын шындыққа айналып бара жатқанын айтты. Өйткені, дүние «жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект дәуіріне аяқ басты». Жасанды интеллект халықтың мінез-құлқына әсер етуде. Президент мемлекет жағдайдың мұндай өзгеруіне дайын болып, батыл әрекеттер жасаудан басқа әбді жоғын айтты. Әйтпесе, артта қаламыз. Президент елдегі жаппай цифрландыруды 3 жылда тәмәмдау межесін қойды. Банктер қызметіндегі цифрландырумен қабат цифрлық қылмыс, цифрлық алаяқтық өсіп отырғанын атап көрсетті.

Алматы облысына қарасты Алатау қаласы цифрлық қала болып, тікелей үкімет бағынысында болуы шешілді.

Президент энергетика проблемасын айналып өтпеді. Жұқалап екінші, тіпті үшінші АЭС құрылысын құлаққағыс қылды... Осы арада Қытайды ауызға алды. Іле барлық державалармен АЭС құрылысына орай әріптестікке дайын екенімізді нықтады. Жер қойнауының заманауи картасы жасалмақ.

Ауыл шаруашылығы да айтылды. Биыл мемлекет агроөнеркәсіп кешенін қолдауға 1 триллион теңге бөліпті. Цифрландыру ауыл шаруашылығын айналып өтпейді. Жерді бөлуге қатысты шешімдер цифрлық форматта, конкурстар электронды болуға керек. «Жер тек оның қадірін білетін азаматтарға берілуге тиіс!» – деді Президент. Жер ресурстарының цифрлық картасын жасау тапсырылды. Көрсеқызарлықпен мол қып иеленгендерден мемлекетке қайтарылған жер қорын оған шын иелік қылатын егелерге тарату ісінде әкімдіктер шабандық танытып отырғаны айтылды. Президент жерді игеретін иелерге беру жұмысын келер 2026 жылдың ортасына дейін аяқтауға пәрмен берді.

Аумалы-төкпелі айналамызда транзит үшін бәсеке атқа қонып тұрғанын көрсеткен Президент бұл сала да цифрландырудың жетімсіздігінен зардап шегіп отырғанын жасырмады. Қазақстан жақында 8 шекаралық бекетті іске қоспақ. Заманауи емес, сапасы сын көтермей, елдің беделіне нұқсан келтіріп тұрған шекаралық дәліздер бары айтылды.

Президент жолдауында суға айрықша көңіл бөлінді. «Су ұлттық қауіпсіздік кепілі» екені, ирригациялық шалалық кесірінен бар судың 50-60% зая болып жатқаны атап көрсетілді. Су дипломатиясын жүргізуге қауқарлы мамандар дайындалуға тиіс. Қара нарықтағы су ұрлығы сөз болды. Президенттің айтуынша соңғы жиырма жылда жүргізілген шаралар арқылы Солтүстік Аралды сақтап қалу мүмкін болған. Президент ішкі көші-қонды реттеу туралы айтып өтті. Астаналықтар сәт сайын молайып барады екен. Бұған ел ордасындағы әлеуметтік қамтамасыз етудің жайлылығы әсер етіп отыр. Басқа мегополистер «бурчатка» бизнесін әдет етіп, тұрғындарға жайсыз болғасын, халық тап-тұйнақ Астанаға ағылмай қайтсін дегендей қылды. (Оператор Алматы әкімін көрсетті ме, байқамадым)) Ірі қалаларға келіп жатқан халықтың үдесінен шығу үшін жыл сайын 15 мектеп салу керек болады екен.

Президент әлеуметтік сала мен білім беруге тоқталды. Әлеуметтік жеңілдіктер саны 100- ге жетіп қапты. Жалқаулық пен масылдыққа жол ашатын әлеуметтік жеңілдіктер қайта қаралуы керегі айтылды. Жолда жүру қауіпсіздігін күшейту де маңызды. Жыл басынан 22 мың жол-көлік оқиғасы орын алған.

Президенттің тығыз, прагматикалық ұсыныстарға толы, пафосы аз быйылғы жолдауында мемлекет басшысы парламенттік реформа жасау ниетін жария етті. Заң шығарушы органның жоғары палатасына тықыр таянғаны ауызекі әңгімеде, әлеуметтік желіде айтылып қалушы еді. Президент 1995 жылдағы саяси реалында қажеттіліктен туған Парламенттің жоғарғы палатасы керек пе деген сұрақты 2027 жылы жалпыұлттық референдумға шығаруды ұсынды. Сенаттың өзі тұтқасы жоқ чемоданға айналып, тастауға обал, алып жүруге ауырлығы сезілгелі біраз болған.

Президент бір палаталы Парламент тек партиялық жүйе түрінде сайлаудың жақтайтынын білдірді.

Бұл орайда, Президент маңызды конституциялық реформаны жеке дара жасамай, жеткілікті талқылаулар негізінде халықпен ақылдасып өткізуге бейіл екенін жария етті. Әрине, унитарлық мемлекеттің табиғатына жат заң шығару органының жоғары палатасын көп ешкім жоқтай қоймас деген ой келеді. Алайда, жалғыз палаталы Парламентті партиялық тәсілмен сайлау талқы объектісі болуы бек мүмкін. Өйткені, көппартиялық жүйе тәжірибесі, тағылымы кемшін елде можаритарлық сайлау жүйесі аралас қолданылса, партияларды бөтенситін қауымның үнін жеткізетін жеке депутаттардың саяси билік тармағына келуін мүмкін етер еді.

       Президент сөз соңында қоғам мораліне теріс келетін дөрекілік, шамқойлықтың жиілеуіне алаңдаушылық білдірді.

Yerkyn Stamshal

 

ЖАҢА ДӘУІРГЕ БАҒЫТТАЛҒАН ЖОЛДАУ

2025 жылы 8 Қыркүйекте Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына кезекті Жолдауын жасады. Жолдауда еліміздің даму бағыты мен негізгі басымдықтары айқындалды.

Қазір әлемде бұрын соңды болмаған аса күрделі геосаяси ахуал қалыптасып отыр.Соған қарамастан Қазақстан бейбітшілік үшін диалог орнату жолында халқаралық аренадағы өз позициясын күшейтті. Бұл жағдай еліміздің қауыпсіздігін қамтамасыз етуге және экономикамыздың жан-жақты орнықты дамуына септігін тигізеді. Бүгінгі президентіміздің жолдауында маңызды бағыттар көтерілді:

1. Сыртқы саясат – Қазақстан әлемдік сын-қатерлер жағдайында теңгерімді және конструктивті саясаттын жалғастырады. Президент БҰҰ-ны реформалау қажеттігін атап өтті.

2. Парламент реформасы – 2027 жылы референдум өткізіп, бірпалаталы парламент жүйесіне көшу мәселесі талқыланатыны айтылды.

3. Цифрландыру және инновация – «Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі» құрылып, «Digital Qazaqstan» ұлттық концепциясы әзірленеді. Алматы маңында жаңа инновациялық Alatau City қаласы салынады.

4. Экономика – цифрландыруды дамыту, жоғары қосылған құнды өнім шығару және азық-түлік, энергетикалық қауіпсіздікті күшейту.

5. Әлеуметтік сала – денсаулық сақтау, білім беру және экологияны жақсарту негізгі басымдықтардың бірі болды.

6. Халықаралық ынтымақтастық – Қазақстан көрші және серіктес елдермен (Қытай, Түркия, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан) қарым-қатынасты нығайта береді.

Президенттің 2025 жылғы Жолдауы – еліміздің дамуындағы жаңа кезеңнің бастауы. Жолдау цифрландыруды, әділетті қоғам құруды, әлеуметтік жаңғыруды және экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталды.

Козыбакова Ф.А., т.ғ.к.

Қазақстан тарихы кафедрасының доценті,

 

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ САЯСАТ ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына арнаған Жолдауында еліміздің болашағына тікелей әсер ететін маңызды шешім қабылдады – инновациялық саясатты басқару құзыреті Ғылым және жоғары білім министрлігіне беріледі.

Бұл қадам – инновацияны дамыту ісінде ғылым мен білімді негізгі тірек ретінде мойындаудың айқын көрінісі. Өйткені инновациялық даму – елдің экономикалық қуатын арттырудың, жаһандық бәсекеге қабілетті болудың басты шарты.

Инновация, ғылым және жоғары білімнің бір министрлік аясында тоғысуы келешекте зерттеу университеттерінің, ғылыми орталықтардың және бизнес құрылымдарының өзара тығыз әрекеттесуіне жол ашады. Бұл өз кезегінде ғылыми жобалардың нәтижелерін тәжірибеде қолдануға, технологиялық шешімдердің өндіріске енуіне және ұлттық инновациялық экожүйенің дамуына серпін береді.

Университеттер енді тек білім мен ғылым ордасы ғана емес, сонымен қатар жаңа идеялар мен технологияларды жүзеге асыратын орталықтарға айналуы тиіс. Студенттер мен жас ғалымдарға стартаптармен айналысуға, зерттеу жүргізуге, нақты салаға бағытталған инновациялық өнімдер ұсынуға мүмкіндік артады.

Бұл өзгеріс еліміздегі адами капиталдың сапасын арттыруға, кадр даярлау жүйесін еңбек нарығының сұранысына сай жетілдіруге, академиялық орта мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтуға жол ашады.

Инновация – бұл тек жаңа технология емес. Бұл – ойлау жүйесінің, басқару мәдениетінің, экономикалық даму стратегиясының өзегі. Сондықтан бұл саланы ғылым мен жоғары біліммен тығыз байланыстыру – Қазақстанның даму жолындағы маңызды әрі дұрыс шешім.

Гүлжихан Смағұлова,

Экономика және бизнес жоғары мектебінің доценті

 

ЖОЛДАУ АЯСЫНДАҒЫ БАСЫМДЫҚТАР

Жолдауында елдің әлеуметтік-экономикалық дамуының стратегиялық бағыттары айқындалды. Ерекше назар инвестициялық саясатқа, кәсіпкерлікті қолдауға және заңнамалық базаны жаңғыртуға аударылды.

Президент инвестициялық саясатты қайта бастау қажеттігін атап өтті. Бүгінде инвестициялардың едәуір бөлігі шикізат секторына шоғырланған, бұл ұзақ мерзімді орнықты даму міндеттеріне сәйкес келмейді. Ендігі басты басымдық – өңдеуші өнеркәсіп, цифрландыру және жоғары технологияларды енгізу. Осы салаларға тартылатын инвесторлар үшін қосымша преференциялар қарастырылуы мүмкін.

Сонымен қатар заңнаманы қайта қарау және жасанды интеллект рөлі айтылды.

Қазіргі құқықтық жүйе күрделі: 21 кодекс пен 300-ден астам заң бар, олардың көпшілігі өзара қайшылықтарға толы. Президент заңнаманы терең тексерістен өткізуді тапсырды. Бұл ретте жасанды интеллект технологиялары негізгі құрал ретінде ұсынылды. Агенттіктің (АСПиР) жанынан құрылатын Реттеуші интеллект орталығы заңнаманы жүйелеуге және оны бизнес қажеттіліктеріне бейімдеуге бағытталады.

Міндетті талаптар тізілімі бизнесті артық тексерулерден қорғаудың маңызды тетігі болмақ. Президент министрлер мен әкімдердің жеке жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл – есептілік пен ашықтық қағидатын институционализациялауға жасалған қадам.

Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексі тек нормаларды өзгертумен шектелмей, салық төлеушілердің жаңа мәдениетін қалыптастыруға тиіс. Ол адалдыққа, ашықтыққа және әлеуметтік әділеттілікке негізделуі қажет. Президенттің сөзімен айтқанда, «салық ретінде төленген әр теңге қоғамға сапалы қызмет, инфрақұрылым және қолдау шаралары түрінде қайтуы тиіс». Бұл тұрғыда салықтық әкімшілендіруді цифрландыру және жасанды интеллектіні пайдалану – негізгі шарт.

Жаңа құрал ретінде өңірлердің инвестициялық тартымдылық индексі енгізілмек. Ол әкімдердің жұмысына нақты баға беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар мен даму институттарының қызметін қайта жүктеу міндеті қойылды. Олар нақты салалық мамандануға ие, сараптамалық әлеуеті жоғары, инвестиция тарту мандаты бар құрылымдарға айналуы қажет.

Жолдауда ұсынылған бастамалар Қазақстан экономикасын басқарудың жаңа моделіне көшуге бағытталған. Оның негізгі элементтері: жоғары технологиялық салаларға инвестиция тарту; заңнаманы жеңілдету және бейімдеу; бизнесті артық қысымнан қорғау; ашық әрі сервистік салық жүйесін қалыптастыру; өңірлердің инвестициялық бәсекелестігін ынталандыру.

Қорыта келе, Жолдау Қазақстанды тұрақтылыққа, инновацияға және мемлекет пен қоғам арасындағы сенімге негізделген жаңа даму кезеңіне жетелейді.

Ләззат Нысанбекова,

«Халықаралық құқық» кафедрасының аға оқытушысы, PhD