ҚазҰУ ұжымы мен студенттері Президент жолдауын 18 нүктеден тыңдады

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына дәстүрлі жолдауын жариялады. Елдің әлеуметтік-экономикалық дамуы мен стратегиялық бағыттарын айқындайтын маңызды жолдауды Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ұжымы мен студенттері бірге тыңдады.
Жолдауды тыңдау үшін университет қалашығында арнайы 18 нүкте ұйымдастырылып, білім алушылар мен қызметкерлерге бір мезетте Президент сөзін тікелей эфир арқылы тамашалауға мүмкіндік жасалды.
Кейін оқытушы-ғалымдар жолдауды талқылап, ҚР Президенті айтқан білім беру, ғылым және инновация саласындағы жаңа бастамалар ҚазҰУ-дың стратегиялық даму мақсаттарымен толық үндесетінін айтты. Әсіресе жас ғалымдарды қолдау, жоғары білім сапасын арттыру, халықаралық ынтымақтастықты кеңейту мәселесі оқу ордасы үшін аса маңызды.
Студенттер де жолдауда жастарға жасалған ерекше қамқорлық пен қолдау шараларын зор ынтамен қабылдады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ұжымы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған жаңа міндеттерді жүзеге асыруға белсене атсалысып, отандық ғылым мен білімді дамытуға өз үлесін қосатынын жеткізді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар
