Заң ғылымының үздіктері марапатталды

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Қазақстан Республикасы Конституциясының 30 жылдығына арналған марапаттау рәсімі өтті.
Шараны Қазақстан Республикасы Конституциялық сотының судьясы Роман Подопригора ашып, қайраткерлер, құқық саласы ғалымдары мен тәжірибелі заңгерлердің ел дамуына қосқан үлесін ерекше атап өтті.
«Біз Конституциямыздың 30 жылдық мерейтойын атап өтіп отырмыз. Бұл – тәуелсіз Қазақстанның құқықтық негізін қалаған тарихи құжат. Осы жылдар ішінде сіздердің ғылымдағы, білім беру мен құқық қолдану тәжірибесіндегі еңбектеріңіз конституциялық құндылықтарды нығайтып, құқық үстемдігін қамтамасыз етуге зор үлес қосты», – деді судья.
Салтанатты шарада еліміздің құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің доценті Еркеш Нұрпейісов «Құрмет» орденімен марапатталды.
Қазақстан Республикасы мемлекеттілігінің қалыптасуына, егемендігін нығайтуға және әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі үшін «Қазақстан Республикасы Конституциясына – 30 жыл» мерекелік медалі ҚазҰУ Директорлар кеңесінің төрағасы Қайрат Мәмиге, ҚазҰУ Басқарма Төрағасының орынбасары – бірінші проректор Еркін Дүйсеновке табысталды.
Сонымен қатар заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов, профессорлар – Зайлағи Кенжалиев, Алуа Ибраева, Дина Баймаханова, профессор Дәулет Байделдинов, Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасының меңгерушісі Рима Жансараева, Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының меңгерушісі Қарлығаш Үсейінова мерекелік медальмен марапатталды.
ҚР Конституциясының 30 жылдық мерейтойы аясында өткен бұл шара еліміздің құқықтық дәстүрлерін ұлықтап, жас ұрпаққа үлгі болары анық.
Барша марапат иелерін шын жүректен құттықтаймыз және табыстар тілейміз!
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар

