Малайзияның исламтанушы ғалымдарымен тәжірибе алмасуFarabi University

Малайзияның исламтанушы ғалымдарымен тәжірибе алмасу

11 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Қазақстан мен Малайзия ғалымдарының салыстырмалы исламтану мәселелеріне назар аударған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

ҚазҰУ-дың философия және саясаттану факультетінің Дінтану және мәдениеттану кафедрасы ұйымдастырған шара Қазақстан мен Малайзиядағы исламтану дамуын салыстырмалы талдау арқылы жалпы ерекшеліктер мен айырмашылықтарды анықтауға арналды. Конференция 4-ші және 17-ші Тұрақты даму мақсаттары – «Сапалы білім» және «Тұрақты дамуға бағытталған серіктестік» идеясын алға жылжытуға бағытталды.

Конференция жұмысына Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ философия және саясаттану факультетінің ғалымдары, Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Малайя университетінің зерттеушілері және басқа да жоғары оқу орындарының өкілдері қатысты. Пленарлық отырыстың модераторы философия және саясаттану факультетінің деканы Бекжан Мейірбаев болды.

ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – бірінші проректор Еркін Дүйсенов конференция қатысушыларына жолдаған құттықтау сөзінде бүгінге дейін сегіз келісім жасалған Малайзияның жетекші жоғары оқу орындарымен халықаралық ынтымақтастыққа ерекше назар аударды.

Малайзия университетінің деканы Мохд Фаузи Хамат құттықтау сөзінде конференцияны ұйымдастырған университет басшылығына алғыс білдіріп, мұндай ғылыми форумдар елдерімізді жақындастырып, серіктестік қарым-қатынасты нығайта түсетінін атап өтті.

«Исламтану – біздің ғалымдарымызды рухтандыратын, ислам өркениетін зерттеу арқылы мәдениеттер диалогын қалыптастыруға көмектесетін терең тақырып. Екі ел ғалымдарының бірлескен күш-жігері ғылымды алға жылжытады. Конференция салыстырмалы исламтану саласында айтарлықтай нәтижелерге жетуге септігін тигізеді», – деді Мохд Фаузи.

Пленарлық отырыста сондай-ақ Нұр-Мүбарак ислам мәдениеті университетінің проректоры Ершат Оңғар, Алматы қаласы Дін істері басқармасының өкілі Нұрлан Кикимов, ҚМДБ зерттеу институтының директоры Төрәли Қыдыр және басқалар сөз сөйледі.

Конференция секциялық отырыстар аясында жалғасты, онда ғалымдар дінаралық диалог пен төзімділікті қолдау мәселелерін, Қазақстан мен Малайзиядағы діни білім жүйелерін салыстыруды, діни білімнің қоғам мен мемлекетке әсерін, сондай-ақ исламдық құндылықтардың тарихи-мәдени аспектілерін талқылады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі