ҚазҰУ экохабы «Zero Waste Campus» экобағдарламасына қатысуда

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экохабында «Таза Қазақстан» бастамасы аясында «Zero Waste Campus» бағдарламасының сериясы өтуде. Шара кампустарда қалдықсыз өмір салтын насихаттауға және студенттер арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.
Шара барысында қатысушылар «Zero Waste» қағидаларымен танысып, қалдықтарды сұрыптау бойынша шеберлік сабақтарына қатысты. Студенттерге пластикалық қалдықтардан жасалған өнімдер көрсетіліп, саналы тұтыну мен ресурстарды қайта пайдалану үлгісі түсіндірілді. Олар бөтелкелердің пластикалық қақпақтарын сұрыптауға қатысып, тәжірибе жинақтады.
Арнайы цехта акция қатысушыларына қақпақтарды ұсақтау процесі мен ұсақталған пластикті жоғары температурада түрлі-түсті плиталарға айналдыратын пеш көрсетілді. Осы плиталардан орындықтар, үстелдер, интерьер бұйымдары және басқа да өнімдер жасалады.
«Қалдықсыз кампус» бастамасы шеңберінде ҚазҰУ аумағында қалдықтарды бөлек жинау үшін арнайы фандоматтар орнатылған.
«ECO Network» компаниясының жобалар жетекшісі Хамза Сафаровтың айтуынша, экологиялық хаб – компания мен ҚазҰУ арасындағы табысты ынтымақтастықтың нәтижесі. «Кез келген адам келіп, қалдықтарын тапсыра алады және осында түрлі бұйымдар – кілт салғыштар, телефонға арналған тұғырлар, орындықтар және тағы басқа заттар жасай алады. Мұнда сонымен қатар шеберлік сабақтары, жасыл экономикаға арналған интерактивті оқыту жүргізіледі. Біз студенттерді белсенді түрде тартып, оларды саналы және пайдалы істерге үйретіп, қолдап отырамыз», – деп түсіндірді жоба жетекшісі.
Жобаның белсендісі әрі үйлестірушісі – Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының аға оқытушысы Әйгерім Керімқұлова: «Биыл мамыр айында Экохабта шамамен 200 студент-практикант болды, маусым айында 30-ға жуық жоғары курс студенті қосылды. Кейін гидрологтар мен географтар да қатыса бастады. Оларға шеберлік сабақтары өткізіліп, экобелсенділер көшбасшылық лекциялар оқыды. Қазір Экохаб белсенділігі артып, оған көбірек қамқор студенттер, белсенділер мен еріктілер қосылуда», – дейді аға оқытушы.
Іс-шара барысында студенттер өз әсерлері және ойларымен бөлісті.
Мадина Естаева, журналистика факультетінің 1-курс студенті:
«Мен экологияның қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Экохаб мен үшін жай акция емес, бұл бастаманың маңыздылығы мен жауапкершілігін сезінемін. Экохаб қалдықтарды қайта өңдеп, олардың климатқа зиянын азайтады. Ол экологиялық мәдениетті қалыптастырады».
Рамина Ибрагимова, экология факультетінің 1-курс студенті:
«Мен экология факультетінде оқығандықтан, бұл тәжірибе мен үшін өте құнды. Хабқа адамдар келіп, көп қалдық қалдырады. Біз – волонтерлер – оны контейнерлерге сұрыптаймыз. Бұл маған оқуымды аяқтаған кезде мамандығым бойынша үлкен тәжірибе болады».
Осылайша, ҚазҰУ Экохабы диалог пен тәжірибе алмасу алаңына айналып, жастарды экологияны қорғауға белсенді қатысуға ынталандырады. «Zero Waste Campus» бастамасы – таза әрі тұрақты болашаққа бағытталған маңызды қадам әрі жастардың табиғатты қорғаудағы белсенділігінің жарқын мысалы.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар


