Қытаймен инвестициялық ынтымақтастық кеңеюдеFarabi University

Қытаймен инвестициялық ынтымақтастық кеңеюде

11 қыркүйек, 2025

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Қытайдың Халықаралық достық қалалар қауымдастығының инвестициялар тарту жөніндегі елшісі Тан Синьимен келіссөз жүргізді.

Кездесу барысында тараптар ҚазҰУ қалашығы құрылысының ІІ даму жоспары аясында салынатын жаңа ғимараттарға инвестиция тарту жөнінде пікір алмасты.

Жансейіт Түймебаев мәртебелі мейманға университеттің ғылыми-инновациялық әлеуеті мен халықаралық байланысы туралы кеңінен айтып берді. Ректор ҚазҰУ-дың Қытайдағы жетекші жоғары оқу орындарымен тығыз әрі тиімді ынтымақтастық орнатып келе жатқанын атап өтті.

«ҚазҰУ – білім мен ғылым саласында мол тәжірибе жинақтаған, халықаралық деңгейде беделі жоғары оқу орны. Қытайдың алдыңғы қатарлы университеттерімен серіктестік байланысымыз жыл санап нығайып келеді», – деді оқу ордасының басшысы.

Жүздесуде Тан Синьи ҚазҰУ қалашығында бой көтеретін жаңа ғимараттар мен жатақханаларды салуға қауымдастық тарапынан қолдау көрсетуге ниетті екенін жеткізді.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі